Америка прокатына бір күнде – 18 желтоқсанда шығатын «Кек алушылар: Доктор Дум» (Avengers: Doomsday) мен «Дюна: Үшінші бөлім» (Dune: Part Three) сол демалысты кино тарихындағы ең кассалы демалысқа айналдыруы мүмкін. Мұндай болжамды 13 қарашада Box Office Theory сарапшысы Шон Роббинс жариялады: оның бағалауынша, 18–20 желтоқсандағы үш күнде АҚШ пен Канада кинотеатрлары 440 млн доллардан астам, яғни шамамен 195 млрд теңге жинауы мүмкін.
Негізгі үлесті «Кек алушылар» әкеледі: фильм алғашқы демалыста 340–369 млн доллар және одан да көп, яғни шамамен 151–164 млрд теңге табады деп болжанып отыр. «Дюна» 91–100 млн доллар және одан да көп жинауы мүмкін. Егер Marvel фильмі болжамның жоғарғы шегінен асса, биыл жазда «Өрмекші адам: Мүлде жаңа күн» (Spider-Man: Brand New Day) орнатқан Солтүстік Америкадағы алғашқы демалыс рекордын – 360,1 млн долларды жаңартады.
Бір демалыстағы бүкіл нарықтың рекорды – 437,1 млн доллар да биыл орнады: сол кезде «Өрмекші адамның» алғашқы табысына Кристофер Ноланның «Одиссеясы» үшінші демалысында жинаған қаржы қосылды. Оған дейін рекорд 2019 жылдың сәуірінен, «Кек алушылар: Финал» шыққан кезден бері сақталып келген – 402,1 млн доллар. Желтоқсандағы ең табысты демалыс әзірге 2015 жылғы «Жұлдызды соғыстар: Күштің оянуына» тиесілі – 313,3 млн доллар. Роббинстің сөзінше, алдын ала сатылымға қарағанда, бұл рекордтың жаңаратыны анық дерлік.
«Дюнаның» өз артықшылығы бар: Warner Bros. IMAX кинотеатрларында үш апталық эксклюзивті мерзім алды, сондықтан «Кек алушылар» АҚШ-та алғашқы апталарда бұл форматта көрсетілмейді. Қытайда Marvel фильмі әлемнің басқа елдерінен бұрын – 16 желтоқсанда шығады.
Қазақстанда екі премьераның арасы үш аптаға жуық болады. «Дюна: Үшінші бөлім» әлемдік премьерадан бір күн бұрын – 17 желтоқсанда шығады, бұл күнді SC Distribution дистрибьюторы атап отыр. Ал «Кек алушылар: Доктор Дум» қазақстандық кинотеатрларға тек 2027 жылғы 7 қаңтарда келеді: бұл күнді Ascar Cinema прокатшысы атады, Kinopark желісі де афишасын осы күнге ашты. Мәдениет және ақпарат министрлігі фильмге прокаттық куәлік 7 қазанда берілгенін, ал 7 қаңтар әзірге алдын ала белгіленген күн екенін нақтылады. Дистрибьютор премьераның неге кейінге шегерілгенін түсіндірмеді.
Жаңа «Кек алушыларда» Доктор Думды Marvel киноәлемінде көп жыл бойы Темір адамды сомдаған Роберт Дауни кіші ойнады, режиссерлік орындықта қайтадан ағайынды Руссолар отыр. Райан Рейнольдс сценарийді бірге жазды, алайда Дэдпулдың фильмге қатысатыны ресми түрде расталған жоқ. Дени Вильнёвтің «Дюна: Үшінші бөлімі» Фрэнк Герберттің романдары бойынша түсірілген трилогияны аяқтайды: онда Тимоти Шаламе мен Зендея қайта ойнады, ал актерлік құрамға Роберт Паттинсон қосылды. Warner Bros. үшінші «Дюнаның» тизерін тамызда көрсетті.



