Роберт Паттинсон Джеймс Бонд рөліне таласқан үміткерлердің алдын орап кетуі мүмкін, деп жазды Puck басылымы. Оның мәліметінше, 40 жастағы британдық актермен талқыланған шарттар бәсекелестерінікінен әлдеқайда тиімді: Джек Лоуден мен Джош О’Коннордан бекітілген жағдайда төрт фильмге қол қою талап етілген, ал Паттинсон үш фильмге келісімшарт пен анағұрлым жоғары қаламақыға қол жеткізген. 007 агентінің рөлін кім сомдайтыны әзірге ресми түрде жарияланған жоқ.
Puck келтірген нұсқа бойынша, режиссер Дени Вильнёв пен продюсерлер алғашқы үміткерлер – Лоуден, О’Коннор және Каллум Тёрнерге толық сенімді болмаған, сондықтан сынақ түсірілімге танымалырақ актерлер – Паттинсон мен Николас Холтты шақырған. Екеуінің сынақтан өткені туралы қараша айының басында Deadline мен Variety хабарлаған еді. Бұған дейін басты фавориттер ретінде 36 жастағы Тёрнер, Лоуден және О’Коннор аталып келді.
Вильнёвтің өзі 11 қарашада жарияланған GQ журналына берген сұхбатында жаңа Бонд бекітілді ме деген сұраққа: «Бұл процесте», – деп жауап беріп, «Мен газды басып жатырмын», – деп қосты.
Паттинсон Вильнёвпен бұрын да жұмыс істеген: ол Қазақстанда 17 желтоқсанда шығатын «Дюна: Үшінші бөлімде» ойнады. Сонымен қатар актер DC фильмдерінде Бэтменді сомдайды, жақында Nexus Point News порталы Паттинсонның Бэтмен болып қалуы мүмкін екенін жазды. Бонд франшизасын қазір Amazon MGM Studios басқарады, жаңа фильмнің сценарийін Стивен Найт жазып жатыр, ал кастингке Нина Голд жетекшілік етеді. Соңғы Бонд – Дэниел Крейг: ол 007 агентін бес фильмде сомдады, олардың соңғысы – «Өлуге уақыт жоқ» 2021 жылы шықты.



