Мазмұнға өту

Galaxy S26 Ultra иелеріне Starlink спутниктік интернеті тегін берілді

Кәдімгі ұялы желі жоғалғанда – мысалы, тауда, далада немесе қалааралық тас жолда – смартфон спутникке өзі ауысады.

Смартфон Samsung Galaxy S26 Ultra со спутниковой связью Starlink
Фото: Samsung

Қазақстандағы Samsung Galaxy S26 Ultra смартфонының иелері қараша айының соңына дейін Beeline ұсынатын Starlink Mobile спутниктік байланысын тегін әрі трафик шектеусіз пайдалана алады. Бұл туралы 13 қарашада Samsung компаниясының Қазақстандағы өкілдігі хабарлады. Телефон Starlink спутниктеріне тікелей қосылады: антенна, тәрелке немесе басқа қосымша құрылғы қажет емес. Сондықтан ұялы байланыс мұнаралары жоқ жерде – тауда, далада, қала сыртындағы тас жолда да байланыста болуға болады.

Кәдімгі ұялы желі жоғалған сәтте Galaxy S26 Ultra спутникке өзі ауысады. Басты шарт – телефонның үстінде ашық аспан болуы керек. Спутник арқылы хабарламалар, карталар, мессенджерлер және негізгі интернет қызметтері жұмыс істейді. Қызметті қосу үшін Beeline Janymda қосымшасын жаңартып, онда Starlink-ті іске қосу және телефон баптауларында деректер роумингіне рұқсат беру қажет. Желіні қолмен де таңдауға болады: тізімде ол Beeline Starlink деп аталады, кейде 401 04 болып көрінеді.

Спутниктік байланыстың шектеулері де бар. Beeline ескерткендей, оның жылдамдығы қаладағы желімен тең түспейді. Galaxy S26 Ultra үшін Starlink Mobile Promo акциясы қараша соңына дейін жарамды, ал одан кейін қызмет қанша тұратынын Samsung те, оператор да әзірге хабарламады.

Beeline Қазақстанда Starlink Mobile қызметін 28 қыркүйекте іске қосты. Бұл – Direct to Cell технологиясы: мұнда спутник орбитадағы ұялы байланыс мұнарасы сияқты жұмыс істейді. Сынақтар 2025 жылдың соңынан бері жүрді. Алғашында қызмет тек Android смартфондарында жұмыс істеді, ал алғашқы екі айда оператордың барлық абоненті үшін тегін болды. Бұған дейін Қазақстанда Starlink, мысалы, жолаушылар пойыздарында интернет беру үшін қолданылған.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз