Мазмұнға өту

Шакираның Барранкильядағы мүсіні өз атындағы даңғылға көшірілді

Неміс суретшісі Дитер Патт 2006 жылы қалаға сыйлаған бес метрлік болат мүсін әлі ресми ашылмағандықтан, әзірге картонмен жабулы тұр.

Статуя Шакиры на Авениде Шакиры в Барранкилье
Фото: El Espectador

Шакираның туған қаласы – Колумбиядағы Барранкильяда әншінің алғашқы мүсіні оның құрметіне аталған көшеге көшірілді. Колумбиялық El Espectador басылымының хабарлауынша, бес метрлік мүсін 12 қарашадан бері жаңартылған 72-көшеде (Calle 72) тұр. Бұл көше қазір Шакира даңғылы деп аталады.

Ескерткіш әлі ресми ашылған жоқ: әзірге ол картонмен жабулы тұр. Бірақ өткен-кеткендер қазірдің өзінде тоқтап, оны суретке түсіріп жүр. Мүсін «Элиас Чегвин» баскетбол стадионының қарсы бетінде орналасқан. El Espectador мәліметінше, оны мұнда әншінің есімі берілген даңғылды дәл осы мүсін «ашып тұруы» үшін қойған.

Қала тұрғындары мүсіннің көшірілгенін құптап отыр. «Бұл даңғыл – біз, барранкильялықтар үшін мәдени бағдар. Оның осында, өзінің 72-көшесінде тұрғаны – құрмет: енді жағалау өңірінің барлық тұрғыны мен қаламызға келген әр адам Шакираның кім екенін көре алады», – деді Alerta басылымына қала тұрғыны Лаура Паласио Кантильо. Тағы бір тұрғын Этель Орельяно ескерткіш басынан-ақ осында тұруы керек еді деп санайды: стадион жанында ол жақсы көрінбеген.

Биіктігі бес метр болат мүсінді қалаға неміс суретшісі Дитер Патт сыйлаған. Ол 2006 жылғы қарашада «Метрополитано Роберто Мелендес» футбол стадионының жанына орнатылып, сол жерде 20 жылға жуық тұрды. Мүсінде Шакира гитарамен бейнеленген: жұрт әншіні мансабының басында дәл осындай кейіпте білетін.

72-көшеге 2025 жылғы наурызда Барранкилья мэрі Алехандро Чардың шешімімен Шакира даңғылы деген ресми атау берілді. Бұған дейін, 1963 жылдан бері көше Джон Кеннедидің есімін иеленіп келген. Көшірілген мүсін қаладағы ең танымал ескерткіш емес. Туристер көбіне Гран-Малекон жағалауындағы биіктігі 6,5 метр қола мүсінге – билеп тұрған Шакираға барады. Ол 2023 жылғы желтоқсанда ашылған, авторы – мүсінші Йино Маркес.

Шакира – Колумбияның ең танымал әншісі, Hips Don’t Lie және Waka Waka хиттерінің, сондай-ақ футболдан биылғы әлем чемпионатына арналған ресми Dai Dai әнінің авторы. Қазір ол Las Mujeres Ya No Lloran әлемдік турнесінде үзіліс жасап отыр, Гиза пирамидаларының жанындағы концерті 2027 жылғы 2 сәуірге ауыстырылды. Жуырда әнші денсаулығында қиындық болған әкесіне Барранкильяға келіп кетті. Күзде Шакираның Бішкекте алғаш рет концерт беретіні белгілі болды.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз