2026 жылғы 1 желтоқсаннан бастап Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп тауарларын міндетті цифрлық таңбалау енгізіледі. Өндірушілер мен сатушылар жүйеге тіркеле бастады: қазір онда тауар айналымының 55 қатысушысы бар. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі хабарлады.
Таңбалау үш кезеңмен енгізіледі. 2026 жылғы 1 желтоқсаннан бастап ол былғары мен жасанды үлбірден жасалған жекелеген бұйымдарға, киімнің кейбір түрлеріне, шаңғы костюмдеріне, сондай-ақ төсек, дастарқан және ас үй жаймаларына міндетті болады. 2027 жылғы 1 наурыздан бастап талап сырт киімнің бір бөлігіне, свитерлерге, кардигандарға, жейделерге, блузкалар мен шарфтарға қолданылады. 2027 жылғы 1 қазаннан бастап костюмдерді, көйлектерді, юбкаларды, шалбарларды, комбинезондар мен спорттық костюмдерді таңбалау қажет болады. Бұл мерзімдер Сауда және интеграция министрінің 2025 жылғы 22 қарашадағы бұйрығымен бекітілген, ал таңбалау мен қадағалау қағидаларын Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 2026 жылғы 10 қыркүйекте бекітті.
Әр затқа бірегей Data Matrix коды басылып, ол туралы мәлімет Tanba ақпараттық жүйесіне енгізіледі. Осылайша тауардың фабрикадан немесе кеденнен кассаға дейінгі жолын бақылауға болады. Сатып алушылар заттың түпнұсқа екенін тегін Naqty Ónim қосымшасы, сондай-ақ eGov Mobile, Forte және Aitu арқылы тексере алады.
Бизнес үшін қыркүйектен бері тестілік орта жұмыс істеп тұр, ал 2 қарашада негізгі жүйеге қолжетімділік ашылды: онда таңбалау кодтарына алдын ала тапсырыс беруге болады. Бірыңғай оператор әр сәрсенбі сағат 15:00-де тегін вебинар өткізеді, сұрақтарды тәулік бойы жұмыс істейтін 8 800 080 65 65 нөміріне де қоюға болады.
Министрліктің түсіндіруінше, таңбалау киім мен тоқыма бұйымдарының заңсыз айналымын азайтып, салық пен баж төлейтін отандық өндірушілер мен импорттаушыларға тең жағдай жасауы тиіс. Салада 1419 кәсіпорын жұмыс істейді, олардың басым бөлігі — шағын кәсіпорындар, қызметкерлер саны — 18,3 мың адам. Ал нарықтың 92%-ы импорттың үлесінде. QazTextileIndustry салалық бірлестігі тегі белгісіз тауарлардың үлесі азайған сайын қазақстандық фабрикалар қуатын толық жүктеп, бағасы мен сапасы бойынша әділ бәсекеге түсе алады деп есептейді.



