Мазмұнға өту

Қытаймен темір жол арқылы жүк тасымалы 8%-ға өсті

Ең жылдам өсім Достық станциясында тіркелді: мұнда екі бағыттағы көлем 12–13%-ға артса, Алтынкөл арқылы өтетін тасымал небәрі 1–6%-ға ұлғайды.

Грузовой состав на железной дороге Казахстана
Фото: Министерство транспорта РК

2026 жылғы қаңтар–қазан айларында Қазақстан мен Қытай арасында темір жол арқылы 31,8 млн тонна жүк тасымалданды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8%-ға көп: ол кезде көлем 29,4 млн тонна болған. Бұл туралы Көлік министрлігі хабарлады.

Өсім екі бағытта да байқалады. Қазақстаннан Қытайға 19,7 млн тонна жүк жөнелтілді, бұл бір жыл бұрынғыдан 8%-ға көп. Қытайдан Қазақстанға 12,1 млн тонна жүк келіп, көлем 9%-ға артты.

Негізгі жүктеме Достық шекаралық станциясына түсіп отыр. Ол арқылы Қытайға 13,1 млн тонна жүк кетті (+12%), ал кері бағытта 5 млн тонна жүк келді (+13%). Алтынкөл арқылы Қытай бағытына 6,6 млн тонна жүк жіберіліп, көлем небәрі 1%-ға өсті. Кері бағытта бұл станциядан 7,1 млн тонна жүк өтті, бұл 6%-ға көп.

Министрлік өсімді Қытаймен көлік-логистикалық байланыстың нығаюымен түсіндіреді. Сондай-ақ шекара маңындағы инфрақұрылымды жаңғыртып, өткелдердің өткізу қабілетін арттыруды жалғастыратынын айтты. Бірінші жартыжылдықта екі ел арасындағы тасымал 18,7 млн тоннаға жетіп, 9%-ға өскен еді. Қазіргі өткелдердегі жүктемені Қытайға шығатын үшінші темір жол — Бақты — Аягөз желісі азайтуы тиіс.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз