Marsh CFA Institute Global Pension Index 2026 жаһандық зейнетақы индексінде Қазақстан тұрақтылық көрсеткіші бойынша 55 жүйенің ішінде сегізінші орынға шықты. Еліміз бұл бағытта 74,4 ұпай жинады, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. Тұрақтылық көрсеткіші зейнеткерлер көбейіп, төлем алу мерзімі ұзарған кезде жүйенің болашақта зейнетақы төлей алатынын-алмайтынын көрсетеді.
Жалпы есепте Қазақстан 64,8 ұпаймен 29-орынға орналасып, C+ бағасын алды. Былтыр елдің нәтижесі 65 ұпай болған. Индекс құрастырушылардың бағалауынша, шамалы төмендеу ең алдымен ерікті зейнетақы жарналарына берілетін салық жеңілдіктерінің өзгеруіне байланысты.
Ең әлсіз тұсы — зейнетақының жеткіліктілігі: бұл бағытта Қазақстан 44,9 ұпай алды. Бұл блок зейнетке шыққан адамның қажеттілігін төлем қаншалықты өтейтінін бағалайды. Ең жақсы нәтиже — 83 ұпай — реттеу мен басқару бағытында тіркелді: сарапшылар салымшылардың құқығы қалай қорғалатынын, ереженің түсініктілігін және адамдардың өз жинағы туралы қандай ақпарат алатынын ескереді.
Шолу авторлары қазақстандық жүйенің күшті жақтары ретінде қызметкерлердің зейнетақы бағдарламаларымен кең қамтылуын, қатысушылардың мүддесінің қорғалуын және оларға ақпарат берілуін атады. Елдегі жүйе көп деңгейлі: мемлекеттік төлемдер, қызметкер мен жұмыс берушінің міндетті жарналары және ерікті жинақ. Министрлік зейнетақының жеткіліктілігін арттыру үшін әлі де жұмыс істеу керегін мойындады.
Рейтингті 85,8 ұпаймен Нидерланды бастап тұр. Алғашқы бестікке Дания, Исландия, Сингапур және Израиль де кірді.
Индексті жыл сайын Marsh тобына кіретін Mercer консалтингтік компаниясы мен CFA Institute әзірлейді. Онда жеткіліктілік, тұрақтылық және реттеу деген үш топқа бөлінген 50-ден астам көрсеткіш салыстырылады. Бұл арада жүйенің өзінде де өзгеріс бар: БЖЗҚ салымшылары үш портфельдің бірін таңдай алады, ал 2027 жылдан бастап декреттегілерге жарна төлеу тәртібі өзгереді.



