Алтын 20 қарашада, жұма күні, арзандауын жалғастырып, таңертең тройлық унциясы 3520–3530 долларға дейін төмендеді. Бұл – 2025 жылғы қыркүйектен бергі ең төмен деңгей. Бейсенбі күні кешке металл шамамен 3715 доллар тұрған еді. Бір аптада алтын шамамен 9%-ға арзандады, бұл – наурыздан бергі ең нашар апта. Күміс бұдан да қатты құлдырап, шамамен 7%-ға арзандады, унциясы 41–41,5 долларға дейін түсті, деп хабарлайды Euronews.
Сол күні Азия биржалары да құлдырады. Корея биржасының дерегінше, Оңтүстік Кореяның Kospi индексі 5,21%-ға төмендеп, 4869,96 тармақпен жабылды. Құлдырау салдарынан онда автоматты сатылым бес минутқа тоқтатылды. Жапонияның Nikkei 225 индексі сауда барысында 5%-ға жуық төмендеді, ал Тайвань нарығы 6,2%-ға құлап, 1991 жылдан бергі ең нашар аптасын аяқтады. Сатылым толқыны Уолл-стриттен келді: бейсенбіде S&P 500 индексі қатарынан алтыншы күн төмендеп, 2%-ға құлады, Dow Jones 2,2%-ға, Nasdaq 2,3%-ға түсті. Инвесторлар жасанды интеллект пен чиптерге байланысты компаниялардың акцияларынан арылып жатыр. Nvidia акциялары бір күннің ішінде 4,7%-дық өсімнен 3,3%-дық құлдырауға бұрылды, дегенмен компанияның есебі күтілгеннен жақсы шықты. Anthropic-тің биржадағы рекордтық дебюті де нарықты құтқара алмады: Claude әзірлеушісінің акциялары 97,17 доллармен жабылды, бұл IPO бағасынан 17%-ға жоғары. Токиода SoftBank пен Advantest, Сеулде Samsung Electronics пен SK Hynix акциялары ең қатты арзандады.

Алтын мен күміс АҚШ-тағы мөлшерлемеге байланысты арзандап жатыр. Инвесторлар ФРЖ желтоқсанда мөлшерлемені тағы көтереді деп күтеді, ал доллар соңғы 19 айдағы ең жоғары деңгейінде тұр. Металдар пайыз әкелмейді, сондықтан мөлшерлеме жоғары кезде оларды сатып, облигацияларға көшеді. АҚШ-тың 10 жылдық қазынашылық облигацияларының кірістілігі қазір шамамен 5%. Алтын қаңтардағы 5600 доллар шамасындағы рекордынан бері үштен бірінен астам арзандады.
Қазақстан үшін алтынның арзандауы резервтерге байланысты маңызды. Ұлттық банктің дерегінше, оның алтын-валюта резервтерінің шамамен 78%-ы алтыннан тұрады, ал қыркүйектің соңында металл қоры 386 тоннаға жуық болған. Алтын арзандаған сайын резервтердің долларлық құны да азаяды. Ұлттық банк 2026 жылдың соңына дейін алтынның үлесін 75%-ға дейін төмендететінін мәлімдеген: оның бір бөлігін металды сату, қалғанын опциондар арқылы жүзеге асырмақ. Елдің негізгі экспорттық тауары – мұнай әзірге тұрақты: жұма күні таңертең Brent маркалы мұнай 0,4%-ға қымбаттап, баррелі 92,35 долларға жетті.
Нарықтар үшін келесі бағдар – ФРЖ-ның желтоқсандағы отырысы: инвесторлар мөлшерлеменің 0,25 пайыздық тармаққа көтерілетініне сенімді дерлік. Жапония банкі де желтоқсанда мөлшерлемені көтереді деп күтілуде, өйткені елде қазандағы базалық инфляция 2,2%-ға дейін үдеді.



