Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан ортақ электр энергиясы нарығын іске қосуға дайындалып жатыр. Ташкенттегі «Энергия» үйлестіру-диспетчерлік орталығы сауда ережелері мен электрондық алаңды әзірлеп, пилоттық нарықты іске қосатын және алғашқы екі жыл оны басқаратын компанияны іріктеуді жариялады. Өтінімдер 30 қарашаға дейін қабылданады, жобаны Дүниежүзілік банк қаржыландырады, деп жазылған орталықтың хабарландыруында.
Нарық қысқа мерзімді болады және «бір тәулік бұрын» қағидатымен жұмыс істейді: елдер келесі күннің нақты сағаттарына жеткізілім туралы алдын ала келіседі. Бір елде электр жетіспесе, оны бос қуаты бар көршісінен сатып алуға, ал артығын сатуға болады. Мердігер нарық жұмыс істейтін құжаттарды, баға қалыптастыру мен есеп айырысу жүйесін әзірлеп, жаңа елдер мен қатысушыларды қосу мүмкіндігін қарастырады.
Жұмыс алдын ала 2027 жылғы мамырда басталады. Алаңды әзірлеп, іске қосуға 18 ай бөлінеді, одан кейін компания тағы 24 ай сауданы қызмет ретінде жүргізеді, келісімшартты жыл сайын ұзартуға болады. Кесте өзгермесе, алғашқы мәмілелер 2028 жылдың соңы мен 2029 жылдың басында жасалады, деп есептеді 24.kg.
Іріктеу Дүниежүзілік банктің 22 қаңтарда мақұлданған REMIT бағдарламасы аясында өтіп жатыр. Бағдарлама 10 жылға және үш кезеңге есептелген, жалпы бюджеті шамамен 1,018 млрд доллар. Бірінші кезеңде Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және «Энергия» орталығы 143,2 млн долларға грант пен жеңілдетілген несие алады. Қазір өңір елдері арасындағы электр саудасы жалпы сұраныстың шамамен 3%-ын ғана өтейді. Он жылда оны жылына кемінде 15 мың ГВт·сағатқа жеткізіп, желілердің өткізу қабілетін үш еседен астам, 16 ГВт-қа дейін арттыру көзделген. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, 2050 жылға қарай бұл өңірге 15 млрд долларға дейін пайда әкелуі мүмкін.
Қазіргі тетіктердің бірі — алмасу: Өзбекстан, Қазақстан және Қырғызстан Тоқтағұл суын электр энергиясына айырбастайды, су жіберу мен өзара жеткізілімді маусымға қарай келіседі. Өңірлік нарықты Қазақстанның энергетика министрі Ерлан Аккенжанов Дүниежүзілік банкпен бұған дейін де талқылаған.



