Мазмұнға өту

Монғолия парламенті Президент Хүрэлсүхтің отставкасын қабылдады

Ұлан-Батордың бұрынғы мэрі Хүрэлсүхті теміржол келісімшарты үшін 25 млн доллар алды деп айыптады, ал президенттің өзі кінәсін мойындамайды.

Президент Монголии Ухнаагийн Хурэлсух на переговорах в Акорде
Фото: Акорда

Монғолия парламенті 19 қарашада Президент Ухнаагийн Хүрэлсүхтің отставкасын қабылдады. Ұлы Мемлекеттік Хуралдың отырысына қатысқан 104 депутаттың 96-сы осы шешімді қолдады, деп хабарлайды мемлекеттік МОНЦАМЭ агенттігі. Хүрэлсүхтің өкілеттігі дауыс беру аяқталған бойда тоқтады. Президенттің мерзімінен бұрын қызметтен кетуі Монғолия тарихында бұрын-соңды болмаған.

Жаңа президент сайланғанға дейін мемлекет басшысының міндетін парламент төрағасы Сандагийн Бямбацогт атқарады. Конституцияға сәйкес мерзімінен бұрын өтетін сайлау төрт ай ішінде ұйымдастырылуы керек, ал оның күні 20 жұмыс күні ішінде жарияланады. Кезекті президент сайлауы елде тек 2027 жылдың жазында өтуі тиіс еді.

Хүрэлсүх қызметтен кететінін 17 қарашада, сыбайлас жемқорлық туралы айыптардан кейін мәлімдеді. Ұлан-Батордың бұрынғы мэрі Хишгээгийн Нямбаатар президент Таван-Толгой — Гашуунсухайт теміржолының құрылысына байланысты 25 млн доллар алды деп мәлімдеді. Бұл жолмен Гоби шөлінен Қытай шекарасына көмір тасылады. Нямбаатардың сөзінше, 2019 жылы үкіметті басқарып отырған Хүрэлсүх Bodi International компаниясына келісімшартты конкурссыз алуға көмектескен. Bodi International компаниясы бұл айыптарды жала деп атады. Оппозициядағы Демократиялық партия президенттің отставкаға кетуін және тергеу жүргізу үшін парламенттік комиссия құруды талап етті.

Хүрэлсүх кінәсін мойындамайды. «Мен ешқашан өз халқымнан да, мемлекеттен де ұрлаған емеспін. Президенттік өкілеттігімді тапсырып, қарапайым азамат боламын», — деді ол халыққа арнаған үндеуінде. Ол тергеуге көмектесіп, абыройын қалпына келтіретінін айтты.

Монғолия — Қазақстанның стратегиялық серіктесі. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Хүрэлсүх стратегиялық серіктестік туралы декларацияға 2024 жылғы қазанда Ұлан-Баторда қол қойған. 2026 жылғы сәуірде Монғолия басшысы Астанаға мемлекеттік сапармен келгенде тараптар Қазақстанның консулдығын Баян-Өлгий аймағында ашуға келісті. Монғолиядағы қазақтардың басым бөлігі осы аймақта тұрады.

Хүрэлсүх Монғолияны 2021 жылғы маусымнан бері басқарды, ал 2017–2021 жылдары премьер-министр болған. Конституцияға енгізілген түзетулерден кейін бір рет қана алты жылдық мерзімге сайланған алғашқы президент — осы Хүрэлсүх. AP агенттігінің жазуынша, отставка билеуші Монғол халық партиясының ішіндегі тартыс аясында болды: Нямбаатар мен Хүрэлсүх партиядағы түрлі топтардың өкілдері. Монғолиядағы саяси дағдарыс бір жылдан астам уақытқа созылып келеді: 2025 жылғы маусымнан бері елде үш премьер-министр ауысты, соңғысы — Гомбожавын Занданшатар 2026 жылғы наурызда отставкаға кетті.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз