PFL чемпионы Усман Нұрмағомедов пен командасының жеті мүшесі БАӘ-дегі қамаудан кейін Ресейге оралды. Бұл туралы 19 қарашада «Вестник ММА» телеграм-арнасы хабарлады. Жекпе-жекшілердің оралғанын әзірге ешкім ресми растаған жоқ. Нұрмағомедов пен оның клубтастары 11 қарашада Әбу-Дабидегі Яс аралындағы қонақүйде UFC-дің бұрынғы чемпионы Мераб Двалишвили және оның досы Саба Лазишвилимен төбелескеннен кейін ұсталған еді.
Олардың босатылуына Двалишвилидің командаласы, UFC-дің жеңіл салмақтағы бұрынғы чемпионы Алджамейн Стерлинг қатаң пікір білдірді. Ол ESPN-ге берген сұхбатында төбелестің бейнежазбасы үзілгеннен кейін Мерабқа Умар Нұрмағомедов келіп, оны ұрғанын айтты. «Бейне өшкеннен кейін Умар келеді, Мерабқа жақындап, оның бетінен ұрады. Бірақ оның жақындау түріне қарағанда, ол жағдайды бәсеңдеткісі келген сияқты көрінді, өйткені сол сәтте бәрі біршама тынышталған еді. Мұның несі құрметке лайық? Менің ойымша, олар түрмеде қалуы керек еді. Нүкте. Олар үнемі мұндай әрекеттен құтылып кетеді. Олар заңнан жоғары емес, бірақ өздері олай ойламайтын сияқты. Сондай-ақ Хабибқа [Нұрмағомедовқа] деген барлық құрметіммен айтайын, ол жақта бәрін соның өзі басқаратын сияқты», — деді Стерлинг. Умар бұл сөздерге әзірге көпшілік алдында жауап берген жоқ.
Стерлинг төбелестің өзін де сипаттады. Оның айтуынша, шапалақ пен бітімнен кейін Двалишвили мен Лазишвилиге сегіз-тоғыз адам жабылған. «Олар жігіттердің бірі Сабаны ұстап тұрды, ол бетін қорғай алмасын деп. Сол кезде оның басын тепкілеп жатты. Нағыз хайуандар, бауырым. Мен мұны құрметтей алмаймын. Мұны көргеннен кейін бұл жігіттерге деген бүкіл құрметімнен айырылдым», — деді америкалық.
Усман мен Умардың немере ағасы Хабиб Нұрмағомедов жанжал туралы тікелей пікір білдірмей отыр. 19 қарашада ол әлеуметтік желіде Құранның әділдік туралы аятын жариялады: «Ей, иман келтіргендер! Аллаһ үшін куәлік бергенде, ол куәлік өздеріңе, ата-аналарыңа немесе жақын туыстарыңа қарсы болса да, әділдікті берік ұстаңдар». Хабиб ағайындылар босатылғанға дейін Әбу-Дабиге ұшып барған, алайда БАӘ билігі оның келуі сот шешіміне әсер етпегенін мәлімдейді.
13 қарашада Әбу-Даби соты шабуылға қатысқан алты адамға алты ай бас бостандығынан айыру, әрқайсына 300 мың дирхам айыппұл және елден шығару жазасын тағайындаған. 17 қарашада сот жазаны жеңілдетті: сотталған сегіз адамның мерзімі әрқайсына 150 мың дирхамнан, яғни шамамен 18,3 млн теңгеден айыппұлмен ауыстырылды. Бұл шешім тараптар татуласып, Двалишвилидің өзі билікке қылмыскерлерді босатуды сұрап жүгінгеннен кейін қабылданды. Кейін Mash арнасы оларды Хабиб босатып алды деп жазды. Нұрмағомедовтармен бірге Тагир Уланбеков пен Амру Магомедов те бостандыққа шықты.



