Tesla Далласта жүргізушісіз Cybercab көлігімен жолаушы тасымалдауды бастады. Рөлі мен педалі жоқ екі орындық көлік қарапайым жолаушыларды таситын АҚШ-тағы екінші қала — Остиннен кейін Даллас болды. Бұл туралы 19 қарашада Tesla Robotaxi-дің X-тағы ресми аккаунты хабарлады: «Сәлем, Даллас! Cybercab сіздің қалаңызға келді». Қызмет аймағына кіретін қала мен оның маңындағы тұрғындарға қосымша мен электрондық пошта арқылы шақыру жіберілді. Сапарға Tesla Robotaxi қосымшасы арқылы тапсырыс береді.
Далласқа көліктің Tesla-да Cybercab V1.5 деп аталатын жаңартылған нұсқасы келді. Not a Tesla App байқауынша, оның төбесінің артқы бөлігіне Starlink спутниктік интернет антеннасы орнатылған, ал жүксалғыш қақпағында камера пайда болған. Тағы не өзгергенін компания ашып айтпайды. Көліктер бұрынғыдай алтын түсті және екі жолаушыдан артық алмайды.
Далласта қанша Cybercab жұмыс істейтінін және қызмет қандай аумақты қамтитынын Tesla нақтыламайды. Қаланың өзінде рөлде адамы жоқ жүргізушісіз Tesla Model Y көліктері 11 қарашадан бері жолаушыларды тәулік бойы тасып жүр. Teslarati мәліметінше, 17 қарашада Tesla Техаста тағы 200 Cybercab тіркеді. Енді штатта олардың саны 773-ке жетті, бұл робот-такси паркіндегі Model Y санынан (734) көп.
Tesla Cybercab-тағы алғашқы ақылы сапарларды қыркүйектің басында Остинде іске қосқан. Model Y негізіндегі робот-такси Хьюстон, Форт-Уэрт, Сан-Антонио, Тампа, Орландо және Майами қалаларында да жұмыс істейді. Қарашада компания жеке сатып алушылар үшін Cybercab-қа тапсырыс қабылдай бастады: бағасы 29 990 доллар (шамамен 13,3 млн теңге), оған қоса айына 299 доллар (шамамен 133 мың теңге) тұратын міндетті жазылым бар. Tesla алғашқы көліктерді иелеріне желтоқсанда Остинде табыстауға уәде етіп отыр. Бұған дейін Илон Маск рөлі мен педалі жоқ жүргізушісіз Model Y шығаруға да уәде берді. Ол үлкен топпен жүруге арналады.



