Дания парламенті 19 қарашада Арктика мен Солтүстік Атлантикадағы қауіпсіздікті нығайту туралы АҚШ және Гренландиямен жасалған келісімді бірауыздан мақұлдады. Залда отырған Фолькетингтің 109 депутаты түгел құжатты қолдап дауыс берді, қарсы болған да, қалыс қалған да жоқ, деп хабарлайды AFP және Reuters. Дауыс беру екінші оқылымнан кейін талқылаусыз өтті.
Келісім АҚШ-тың Гренландиядағы әскери қатысуы туралы 1951 жылғы шартты толықтырады. Ол бойынша американдықтар аралда екі жаңа әскери база салып, Гренландияның солтүстік-батысындағы Питуффик ғарыш базасын жаңғыртып, кеңейте алады, сондай-ақ аралды «Алтын күмбез» зымыранға қарсы қорғаныс жүйесі үшін пайдаланады. Бұған қоса ЕО мен НАТО-ға кірмейтін елдер аралдың стратегиялық салаларына жіберілмейді: тараптар осылайша Қытай мен Ресейдің инвестиция арқылы ықпал етуіне жол бермек. Гренландия тәуелсіз ел болған жағдайда да құжат күшінде қалады.
Келісімді АҚШ Сенатының бекітуі қажет емес. Дания СІМ барлық рәсім аяқталғанын Вашингтонға дипломатиялық нотамен хабарлаған соң, құжат күшіне енеді. Гренландия парламенті оны 3 қарашада мақұлдаған: 16 депутат қолдап, жетеуі қалыс қалды.
Дания Сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссен Копенгаген «теңдеудің өзіне тиесілі бөлігін шешті» деді. Оның айтуынша, келісім Гренландия төңірегіндегі белгісіздікті сейілтеді, бірақ елдер арасындағы сенімге сызат түсті, оны қалпына келтіру үшін әлі көп жұмыс атқару керек. АҚШ-тың Даниядағы елшісі Кеннет Хауэри келісімді АҚШ-тың, Данияның, Гренландияның және бүкіл НАТО-ның қауіпсіздігін нығайтатын «зор жетістік» деп атады. Гренландия премьері Йенс-Фредерик Нильсен Facebook-те жазғандай, дауыс беру гренландиялықтардың өз құқығын берік ұстана отырып, мәселені диалог арқылы шеше алатынын көрсетті.
Дональд Трамп, Дания премьері Метте Фредериксен және Нильсен келісімге 22 қыркүйекте Нью-Йоркте, БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында қол қойған. Оған дейін Трамп айлар бойы АҚШ өз қауіпсіздігі үшін Гренландияны бақылауы керек деп талап етіп, күш қолдануды да жоққа шығармаған. Гренландия — Данияның өзін-өзі басқаратын аумағы, онда 57 мыңға жуық адам тұрады. Еуропадан Солтүстік Америкаға баратын ең қысқа жол осы арал арқылы өтеді, ал оның жер қойнауы пайдалы қазбаларға бай.



