АҚШ заң шығарушылары елде қытай көліктеріне тыйым салу туралы келісімге жақындап қалды. Бұл туралы келіссөз барысынан хабардар дереккөздерге сілтеме жасап, Bloomberg хабарлады. Автозауыттары бар штаттардан сайланған республикашылдар мен демократтар заң жобасын 2026 жылдың соңына дейін президент Дональд Трамптың қол қоюына жібергісі келеді. Құжаттың егжей-тегжейі әлі пысықталып жатыр, бірақ тыйымды жақтаушылар оны Конгрестің жаңа құрамы қаңтарда жұмысқа кіріскенге дейін қабылдауды көздейді.
Заң қабылданса, АҚШ нарығы BYD және Geely сияқты маркалар үшін жабылады. Агенттіктің дерегінше, бұл компаниялардың арзан әрі жақсы жабдықталған электромобильдері Еуропа мен Оңтүстік Америкада нарықтағы үлесін тез арттырып келеді.
Келіссөздің жеке бөлігі Mercedes-Benz-ке қатысты. Bloomberg мәліметінше, неміс концернінің 20 пайызға жуығы қытай құрылымдарына тиесілі, оның 10 пайызға жуығы мемлекеттік BAIC Motor компаниясының қолында. 18 қарашада, сәрсенбі күні, республикашыл сенатор Берни Морено автоөндірушілердің өкілдеріне Mercedes-ті толық тыйымнан қорғайтын түзетулер туралы айтып берді. Автоөндірушілер бұл бастаманы жалпы қолдады, алайда Mercedes өкілі өз ескертпелерін білдірді, келіссөз әлі жалғасып жатыр. «Біз осы маңызды заң жобасының Конгрестің қазіргі құрамында заңға айналуына мүдделі барлық тараптармен кездесуді жалғастырып жатырмыз», — деп мәлімдеді Mercedes-Benz компаниясы.
Қытай көліктері қазірдің өзінде АҚШ-қа іс жүзінде кіре алмайды: бұған жоғары баж салықтары мен АҚШ Сауда министрлігінің қытайлық автомобиль технологияларына қойған шектеулері кедергі келтіреді. Заң бұл тосқауылды біржола бекітер еді. Сенат комитеті жазда мақұлдаған заң жобасы 15 пайыздан астам үлесі қытай компанияларына тиесілі өндірушілерге деректер жіберетін технологиясы бар көліктерді сатуға тыйым салған болатын, Mercedes те дәл осы талаптың астына түскен. Қыркүйекте Сенат құжатты қарауды аралық сайлау аяқталғанша кейінге қалдырды. Көрші Канада, керісінше, қытай электромобильдерін өз нарығына жеңілдікті квотамен кіргізіп отыр.



