Ақтауда 27-шағынаудандағы №16 мектепке жылу беру шектелді: мектеп ауласындағы жылу желісі учаскесінде апат болған. Бұл туралы Ақтау қаласының әкімдігі хабарлады. Коммуналдық қызметкерлер зақымдалған учаскені жөндеп жатыр, мектепке жылуды сол күні, 19 қарашада, қайта беруге уәде етті. Қала билігінің айтуынша, жөндеу барысы бақылауда.
Бұл — күзден бері жылуы үзілген Ақтаудағы үшінші мектеп. Қараша айының басында Мұхтар Әуезов атындағы №20 мектеп оқушыларының ата-аналары жылыту маусымы басталғалы бері батареялар суық екенін, балалар сабақта күртешемен отыратынын айтқан. Кейін №23 мектептің де жылусыз қалғаны белгілі болды. Сол кезде білім бөлімі екі мектептегі ішкі жылыту жүйесі ақаусыз екенін, ал жылу ғимараттарға сыртқы желілер арқылы жетпей тұрғанын түсіндірген. Бұл мектептерге жылуды 9 қарашаға дейін беруге уәде етілген еді. Толығырақ — Ақтауда жылусыз қалған екі мектеп туралы материалда.
Қалаға жылуды МАЭК өндіреді, ал үйлер мен мектептерге оны «Каспий жылу, су арнасы» коммуналдық кәсіпорны жеткізеді. Үй суық болса, әкімдік алдымен өз басқарушы компанияңызға, ПИК-ке немесе МИБ-ке, одан кейін әкімдікке және Ақтаудың тұрғын үй инспекциясына жүгінуге кеңес берген.
Ақтаудағы жылуға қатысты шағымдар осы күзде үкімет деңгейіне жетті. 10 қарашада Премьер-министр Олжас Бектенов жылуға түскен шағымдар туралы айтқанда қаланы Павлодар және Петропавлмен қатар атап, әкімдерге шағымдарға тезірек әрекет етуді тапсырды. Ол әлеуметтік нысандардағы жылуды бөлек қадағалауды да сұрады.



