UFC-дің бұрынғы чемпионы Хабиб Нұрмағомедов 200 млн доллар (шамамен 90 млрд теңге) үшін де ММА-ға оралмайтынын айтты. Бұл соманы оған Джейк Пол жаңа MVP MMA промоушенінің туы астында жекпе-жек өткізу үшін ұсынған. Әңгіме шілдеде Нью-Йорктегі PFL турнирінің сахна сыртында болған, бірақ бейнежазба енді ғана жарияланды, деп жазады MMA Mania.
«Қашан ораласың? 200 миллион доллар ма?» — деп сұрады Пол. «Неге оралуым керек? Мен көп адамды жеңдім, олар әлемдегі ең мықтылар. Дәлелдейтін ештеңе жоқ. Қарсылас жоқ. Тек ақша. Бұл мотивация емес», — деп жауап берді Хабиб.
Пол мәселе тек қаламақыда емес екенін түсіндіруге тырысты. «Ақша емес. Менің ойымша, біз істеп жатқан ісімізбен, [PFL-дің] MVP-мен бірігуімен ММА-ны мәңгілікке өзгертіп жатырмыз: жекпе-жекшілерге жақсырақ жағдай жасаймыз. UFC-мен келісімшартың қандай екенін білмеймін, бірақ біз үшін төбелессең, бұл спортты түбегейлі өзгертер еді. Спортты мәңгілікке өзгертер еді», — деді блогер. Хабиб оның сөздеріне иланбады.
MVP мен PFL-дің біріккен ұйымы 2027 жылы жұмысын бастайды және оған алғашқы маусымды көтеретін жұлдыз керек. Пол — MVP промоушенінің негізін қалаушылардың бірі, ал PFL-де Хабибтің інісі Усман Нұрмағомедов өнер көрсетеді. Джейк Полдың өзі де ММА-ға қызығушылық танытып жүр — жақында Ислам Махачев блогер аралас жекпе-жек ережесімен Нейт Диазды жеңер еді деп мәлімдеді.
Хабиб мансабын 2020 жылы жеңіліссіз аяқтады — 29 жеңіс, бірде-бір жеңіліс жоқ. Әкесі қайтыс болғаннан кейін ол анасына торға енді шықпаймын деп уәде берген. UFC басшысы Дана Уайт оны октагонға қайтаруға жылдар бойы тырысты, бірақ ақыры райынан қайтты.


