Сассекс герцогинясы Меганның 82 жастағы әкесі Томас Маркл балаларға жасалған жыныстық зорлық-зомбылық материалдарын сақтады деген іс бойынша сот алдында жауап беруге психикалық тұрғыдан қабілетті. Бұл қорытындыны сот психиатры шығарған, ал оны 19 қарашада, бейсенбі күні Тампадағы (Флорида штаты) федералдық судья отырыста жариялады, деп хабарлады AP агенттігі. Марклдың адвокаты қорытындыға дау айтпайтынын мәлімдеді.
Сараптаманы USF Health психиатры Эми Геродимос жүргізді. Оның 15 беттік есебінде Маркл өзіне тағылған айыпты түсінетіні және адвокатына көмектесе алатыны айтылған. Айыпталушыны әрекетке қабілетті деп тану үшін осы екі шарт басты саналады. Психиатрдың бағалауынша, ол кей жауаптарында өзін ауырға салып, асыра сөйлеген. 90 минуттық әңгіме барысында Маркл айыпты жоққа шығарып, басына түскен қиындыққа ұлын кінәлады. Есепте оның: «Мен неге осындамын? Не істедім? Менде ешқандай балалар порнографиясы жоқ. Менде жалаңаш балалардың суреті жоқ», — дегені келтірілген. Ұлы туралы ол: «Ұлым мені жек көреді. Ол ешқашан ештеңеге қол жеткізген емес», — деген.
Есептің мәліметтерін TMZ жариялады. Басылымның дерегінше, әңгіме кезінде Маркл қыздарын шатастырып алған: бір қызы мен бір ұлы бар екенін айтып, психиатрға «Меган — Саманта деп ойлаймын», — деген. Тағы бірде ол Меганды қарындасым деп атап, кейін кешірім сұрап, сөзін түзеген. Page Six хабарлауынша, ол бірге тұрған Меганның әкесі бөлек әпкесі Саманта Маркл әкесіне қолдау көрсету үшін отырысқа келген.
Маркл 6 қарашада Флоридадағы Лейкленд қаласында қарттар үйінде ұсталды. ФБР дерегінше, ол 2008 жылдан бері Лос-Анджелес маңында жалға алып келген екі қоймадан 78 зат тәркіленді. Олардың арасында балаларға жасалған жыныстық зорлық-зомбылық бейнеленген деген күдік бар слайдтар, негативтер мен кітаптар бар. ФБР нұсқасынша, кейбір суреттерде балалармен бірге өзі түсуі мүмкін. Қазір Маркл Пинеллас округінің түрмесінде отыр, ал іс кейін Оңтүстік Калифорниядағы федералдық сотқа беріледі. Ол электрондық білезікті шешіп тастағаннан кейін қайта қамауға алынған.
Тергеу Филиппинде де жүріп жатыр. Маркл инсульт алып, аяғы кесілгенге дейін сол елде тұрған. Дүйсенбі күні Филиппин полициясының Әйелдер мен балаларды қорғау орталығы оның Себудағы бұрынғы үйінен табылған цифрлық құрылғыларды тексеру нәтижесі бойынша ресми шағым түсірді. Маркл психиатрмен әңгімесінде онда «ешқандай айыптайтын нәрсе жоқ» деп сендірген. Оның кінәсін сот әлі анықтаған жоқ.
Томас Маркл ұзақ жыл Америка телевизиясында жарық беруші болып істеген. Ол 2018 жылы қызының Виндзор сарайында ханзада Гарриге тұрмысқа шыққан тойына бармаған, содан бері онымен араласпайды десе де болады. Оған қатысты күдік қазан айында пайда болды: The Sun жазғандай, Меганның әкесі бір ағасы Филиппиндегі әкесінің заттарын жинастырып жүріп, тыйым салынған суреттерді тапқан.



