Америкалық әнші Бруно Марс әкесі Питер Эрнандестің қайтыс болғанын хабарлады. Ол 74 жаста еді. 41 жастағы музыкант бұл туралы 19 қарашада, бейсенбі күні Instagram парақшасында жазды. Ол ауруханадағы төсекте жатқан әкесін құшақтап тұрған суретін және отбасының бұрынғы фотоларын жариялады. Әнші өлім себебін айтқан жоқ.
«Өткен аптада әкемді соңғы рет құшақтай алдым», — деп жазды Марс. «Егер оның туралы айтқанымды естіген болсаңыз, мен әрқашан ол маған білетінімнің бәрін, әсіресе музыкада, үйреткен адам деп айтып жүрдім. Ол менің төрт әдемі әпкем мен қарындастарымды, ағамды және мені өсірді. Менің көзімде ол әлемдегі ең жақсы әке болды, біз қайта кездескенше мен оны күн сайын сағынатын боламын». Әнші жазбасын: «Сені жақсы көремін, әке. Ол жақта анамды мен үшін сүйіп қой», — деген сөздермен аяқтады. Марстың анасы Бернадетт 2013 жылы ми аневризмасынан қайтыс болған.
Питер Эрнандес Бруклинде туған, өзі де музыкант болған, деп жазады People. Жас кезінде ол ду-воп стиліне әуестеніп, Гавайиде The Love Notes тобын құрған. Бұл топ 2014 жылы Ду-воп даңқ залына енгізілді. 1990 жылдары ол Вайкикидегі қонақүйде шоу жүргізіп, барлық балаларын сахнаға шығарған. Кішкентай Бруно сол жерде Элвис Пресли бейнесінде өнер көрсете бастады. Соның арқасында алты жасар бала 1992 жылғы «Лас-Вегастағы бал айы» комедиясында «кішкентай Элвис» рөлінде қысқа көрінді.
Марс ырғақты сезінуі де, стилі де әкесінің арқасы екенін бірнеше рет мойындаған. «Менің бүкіл ырғақ сезімім — әкемнің бала кезімде маған бонго ойнауды үйреткенінен», — деген ол 2017 жылы Latina журналына. Болашақ әнші 12 жасқа толғанда ата-анасы ажырасып, ол ағасымен бірге әкесінің қолында тұрған. Ол кезде отбасы жиі көшіп-қонып, жұпыны өмір сүрген.
Бруно Марс — әлемдегі ең табысты поп-орындаушылардың бірі, «Грэмми» сыйлығының бірнеше дүркін иегері. Оның басты хиттерінің қатарында «Just the Way You Are», «Uptown Funk», «Locked Out of Heaven» және BLACKPINK тобының әншісі Розэмен бірге орындаған «APT.» бар. Оның жаңа синглы — «I Just Might».



