2027 жылғы 1 қаңтардан бастап емханалардағы дәрігерлер мен мейіргерлерге үздіксіз еңбек өтілі үшін лауазымдық жалақының 20%-дан 50%-ға дейінгі мөлшерінде қосымша ақы төленеді, ал алғашқы буындағы психологтар мен әлеуметтік қызметкерлерге психоэмоционалдық және физикалық жүктеме үшін үстемеақы қарастырылды. Жаңа төлемдерді есептеу тәртібі көрсетілген үкімет қаулысының жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Бұл туралы 20 қараша күні таңертең алғаш рет Kursiv хабарлады.
Үстемеақы мөлшері адамның медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдарында үзіліссіз қанша жыл жұмыс істегеніне байланысты болады. Екі жылдан асқан өтіл үшін жалақының 20%-ы, үш жылдан асқанда — 30%-ы, бес жылдан асқанда 50%-ы көлемінде қосымша ақы төлеу ұсынылады.
Үстемеақы учаскелік терапевтерге, учаскелік педиатрларға, жалпы практика дәрігерлеріне, сондай-ақ орта медициналық персоналға — учаскелік мейіргерлерге, жалпы практика мейіргерлеріне, фельдшерлерге, акушерлерге, патронаждық және мектеп мейіргерлеріне қатысты. Құжат әзірге жоба күйінде, ол қоғамдық талқылауға шығарылды.
Науқастарды сүйемелдейтін емханалардың медициналық емес қызметкерлеріне жеке төлем қарастырылған. Психологтарға базалық лауазымдық жалақының 300%-ы, әлеуметтік қызметкерлерге 200%-ы мөлшерінде қосымша ақы төлеу ұсынылып отыр. Қазан айында Денсаулық сақтау министрлігі мұндай төлемдердің қарастырылып жатқанын ғана айтып, мөлшерін атамаған еді.
«Ұсынылып отырған шаралар атаулы сипатқа ие және ең алдымен халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін тікелей қамтамасыз ететін қызметкерлерді тұрақтатуға бағытталған. Оларды іске асыру кадрлардың ауысуын азайтуға, кадр тапшылығын қысқартуға, науқастарды бақылаудың сабақтастығын қамтамасыз етуге және қазіргі мамандарға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді», — делінген жобаның негіздемесінде.
Дәрігерлердің жалақысын көтеру жөніндегі тапсырманы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында берген. Бұл шара учаскелік қызметтің 77 мыңнан астам қызметкерін қамтиды. Қазан айының соңында Денсаулық сақтау министрлігі есептегендей, ең ұзақ өтілі бар жалпы практика дәрігерінің жалақысы ауылда 534 мың теңгеден 760 мың теңгеге, қалада 425 мың теңгеден 607 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін. Дәл осындай өтілі бар орта медициналық персоналдың жалақысы ауылда 284 мыңнан 401 мың теңгеге, қалада 224 мыңнан 318 мың теңгеге дейін артады. Сонымен қатар министрлік емханалардағы қабылдаудың жаңа қағидаларын да әзірлеп жатыр.


