Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Дүниежүзілік бокс кеңесінің (WBC) құрметті белбеуін алды. Марапат 19 қарашада Мехикодағы Palacio de los Deportes спорт сарайында табысталды. Димаш дәл осы жерде Dimensions әлемдік турының екі концертінің алғашқысын өткізді. Бұл туралы Dimashnews порталы хабарлады.
Белбеуді әншіге WBC елшісі кіші Эктор Сулейман, кеңестің маркетинг және коммуникация бөлімінің басшысы Хосе Антонио Арреола Сулейман, WBC директорының орынбасары Виктор Сильва және ұйымның кеңесшісі Әлихан Жарылғапов тапсырды. Бұл – WBC-дің әйгілі жасыл белбеуі, бірақ спорттық атақ емес, құрметті марапат. «Мұндай белбеуді біз өте сирек табыстаймыз», – деп атап өтті кеңесте. Онда Димашты «керемет адам және музыка аңызы» деп атады.
Қазақстандық әншіні марапаттау идеясы WBC президенті Маурисио Сулейманға тиесілі. Алайда ол салтанатқа келмеді – Dimashnews мәліметінше, денсаулығына байланысты. Димаш кеңес өкілдеріне көрсеткен құрметі үшін алғыс айтты.
Марапаттау сәтін Әлихан Жарылғапов Instagram парақшасында жариялады:
Салтанаттан түсірілген суреттерді әншінің ата-анасы Қанат пен Светлана Айтбаевтар да бөлісті. Әлеуметтік желідегі жанкүйерлер Димаш Канело Альваресті жеңіп, әлем чемпионы атанды деп әзілдеп жатыр.
Мексика – Димаштың жанкүйерлері ерекше көп елдердің бірі. Мехикоға дейін ол Гвадалахарада өнер көрсетіп, толық зал жинады. Жуырда әнші испан тілінде ән жазғысы келетінін айтты, ал жанкүйерлері анасымен бірге Мексика астанасында оның шығармашылығына арналған фотокөрме ашты. Димаш Құдайберген – әлемге ең танымал қазақстандық орындаушы, ол 2017 жылы Қытайдың «Мен – әншімін» шоуынан кейін әйгілі болды.



