Франция Ішкі істер министрлігі ПСЖ жанкүйерлеріне 21 қарашада, сенбі күні, Лига 1-дің 11-турында «Ниццамен» өтетін ойынға баруға тыйым салды. Бұл туралы Теңіз Альпілері департаментінің префектурасы хабарлады, деп жазады franceinfo. Билік «қоғамдық тәртіптің бұзылу қаупіне» сілтеме жасап отыр. Ойын Астана уақытымен сағат 21:15-те басталады.
Министрлік бұйрығында соңғы екі жылда «Ницца» жанкүйерлеріне телінген, үй алаңындағы ойындарда, соның ішінде «Сент-Этьенмен» және «Лионмен» кездесулерде болған зорлық-зомбылық оқиғалары тізбеленген. ПСЖ туралы оның жанкүйерлерінің сапарлары «кейбір жанкүйерлердің зорлық-зомбылық әрекеттері салдарынан қоғамдық тәртіптің бұзылуына жиі себеп болатыны» айтылған. Ведомство бағасынша, екі клуб жанкүйерлерінің қарым-қатынасы «өшпенділікке толы» және ол «ауыр қақтығыстарға ұласқан».
Тағы бір себеп — полицияның жүктемесі. Сенбі күні Ниццада бірнеше шара өтеді, соның ішінде «палестиналықтар мен израильдіктер арасындағы әділ әрі берік бейбітшілік үшін» митинг болады.
ПСЖ үшін бұл күздің ең маңызды ойындарының бірі. beIN Sports сілтеме жасаған Opta есебі бойынша, парижіктердің кезекті чемпиондыққа жету ықтималдығы 94,84% деп бағаланады, ал «Ниццаны» оларға кедергі келтіре алатын санаулы командалардың бірі деп атайды.



