Қазақстандық Асу Алмабаев пен Дияр Нұрғожай 21 қарашада өтетін Дохадағы UFC Fight Night турнирі алдында таңертеңгі ресми салмақ өлшеуден өтті. Алмабаевтың салмағы 125,5 фунт (56,93 кг), ал оның қарсыласы жапониялық Кёдзи Хоригутидің салмағы 126 фунт (57,15 кг) болды. Ең жеңіл салмақтың шегі — 125 фунт, бірақ UFC-дің титулсыз жекпе-жектерінде бір фунтқа дейін артық салмаққа рұқсат етіледі, сондықтан жекпе-жек өтеді.
Нұрғожай мен оның қарсыласы Алик Лоренц жартылай ауыр салмақтың шегіне — 205 фунтқа (93 кг) дәл сыйды. Қазақстандық үшін бұл UFC-мен келісімшартын төрт жекпе-жекке ұзартқаннан кейінгі алғашқы шығуы.
Салтанатты салмақ өлшеу Астана уақытымен сағат 20:00-де өтеді. Нұрғожай алдын ала кардта, ал Алмабаев негізгі кардта шығады. Кештің басты жекпе-жегі — Иржи Прохазка мен Алджамейн Стерлингтің кездесуі.
Хоригутимен жекпе-жек — Алмабаев мансабындағы ең дүбірлі жекпе-жектердің бірі: жапониялық балуан — Bellator мен Rizin-нің бұрынғы чемпионы. Турнир алдында қазақстандық жапон ММА-ның аңызын тез нокаутқа түсіргісі келетінін айтқан. Алмабаев сондай-ақ Қазақстанда UFC турнирі жақында өтеді деген әңгімелерді сыбыс деп атады, бірақ мұндай турнирдің басты жекпе-жегінде шығуға дайын екенін жеткізді.



