Мазмұнға өту

Сомали БАӘ елшісін шығарып, Әбу-Дабиді «басқыншылық» деп айыптады

Дау Бербера, Босасо және Кисмайо порттарына қатысты өршіді: Әмірліктер олар бойынша Могадишоны айналып өтіп, өңірлік биліктермен келісім жасаған.

Президент Сомали Хасан Шейх Мохамуд выступает на 81-й сессии Генеральной Ассамблеи ООН
Фото: AP

Сомали үкіметі 19 қарашада, бейсенбі күні, Біріккен Араб Әмірліктерінің елшісіне 72 сағат ішінде елден кетуді бұйырып, Әбу-Дабиден өз елшісін кері шақырды. Шешім үкімет отырысында қабылданды, деп хабарлайды Al Jazeera мен AFP. Могадишо БАӘ-ні ел егемендігін бұзды және «ашық басқыншылық» жасады деп айыптады.

Сомалидің ақпарат министрі Абдифатах Касим Мохамуд шаралар туралы мемлекеттік ақпарат агенттігінің эфирінде мәлімдеді. «Сомалиге қарсы басқыншылықта БАӘ-мен ынтымақтасатындардың бәріне шара қолданылады», – деді ол. Министр сомалиліктерді «өз елін қорғауға және БАӘ-нің ашық басқыншылығына қарсы бірігуге» шақырды. Оның айтуынша, үкімет елді Әмірліктердің оның «егемендігіне, аумақтық тұтастығына, ұлттық бірлігіне, ішкі қауіпсіздігі мен тәуелсіздігіне» қарсы әрекеттерінен қорғап отыр. Елшіні шығаруға нақты не себеп болғанын министр нақтыламады.

БАӘ Сыртқы істер министрлігі бұл шешімді айыптап, Могадишоның ұстанымын «шиеленісті ушықтыратын әрі дұшпандық» деп атады. Ведомство мәлімдемесінде бұл – екі ел арасындағы қарым-қатынасты және ынтымақтастық негіздерін әлсірететін «жауапсыз ұстаным» екені айтылған. Әбу-Даби сондай-ақ Сомали үкіметінің «ішкі билік тартысын» екіжақты қарым-қатынасқа көшіріп отырғанына өкініш білдірді. БАӘ бұған дейін де Сомалидің ішкі ісіне араласпайтынын айтып келген.

Негізгі дау – порттарға қатысты. Елші шығарылардан екі күн бұрын, 17 қарашада, Сомали президенті Хасан Шейх Махмуд елдегі жағдай туралы жолдауында БАӘ-ні өңірлік биліктерді федералдық орталыққа қарсы саяси және қаржылай қолдады деп айыптады. Оның сөзінше, Әбу-Даби Сомалилендтегі Бербера, Пунтлендтегі Босасо және Джубалендтегі Кисмайо порттары бойынша келісімдерді Могадишомен емес, жергілікті әкімшіліктермен жасаған. Президент сондай-ақ Әмірліктерді ұлттық қолбасшылыққа бағынбайтын әскери базалар мен күштер құрды деп айыптады. AFP атап өткендей, федералдық үкімет бұл порттар орналасқан жартылай автономиялы өңірлерді іс жүзінде бақылай алмайды.

Елшіні шығару – Сомалидің қаңтардан бергі БАӘ-ге қарсы ең қатаң қадамы. Қаңтарда Могадишо Әмірліктермен жасалған барлық келісімді, оның ішінде порт мәмілелері мен қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты бұзған еді. Екі елдің қарым-қатынасы 2025 жылғы желтоқсанда Израиль Сомалилендті таныған соң да нашарлады: Сомалиде мұған БАӘ ықпал етті деп санайтындар көп, ал Әмірліктер бұған пікір білдірмеді. Соған қарамастан екі ел арасындағы байланыс әлі де тығыз: Reuters агенттігінің сомалилік дереккөздерге сілтеме жасаған мәліметінше, БАӘ астана маңындағы 3400-ге жуық сомалилік әскери полиция мен арнайы жасақ қызметкерінің жалақысын әлі күнге төлеп, оларды қамтамасыз етіп отыр. Ал Сомали армиясы «Әш-Шабаб» тобына қарсы соғысын жалғастырып жатыр.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз