Қазақстан чемпионы «Ордабасы» 44 жастағы бельгиялық Карел Герартсты бас бапкер етіп ресми тағайындады. Бұл туралы 19 қарашада шымкенттік клубтың тең иесі әрі амбассадоры Бейбіт Әлібеков хабарлады, кейін жаңа бапкерді «Ордабасының» өзі таныстырды. Герартс 10 қарашада тараптардың өзара келісімімен командадан кеткен Андрей Мартиннің орнын басады.
«Карел Герартс – Орданың жаңа бапкері. «Юнион», «Шальке», «Реймс» клубтарының бұрынғы бапкері», — деп жазды Әлібеков Threads желісінде. Клуб келісімшарттың шарттарын ресми түрде жария еткен жоқ. Бұған дейін инсайдер Эльдар Аманбаев бельгиялық маман «2+1» келісімшартына қол қойып, ҚПЛ тарихындағы ең көп жалақы алатын бапкер атанатынын хабарлаған.
Герартс Қазақстан үшін өз еліндегі жұмыстан бас тартты. Бельгиялық Circus Daily басылымының жазуынша, «Ордабасымен» келісім туралы жаңалық шығардан шамамен он күн бұрын ол «Ла-Лувьер» клубының ұсынысын қабылдамаған. Басылым Het Laatste Nieuws газетіне сілтеме жасап, бапкер шымкенттіктермен толық келісімге келгенін хабарлайды.
Герартс — Бельгия құрамасының бұрынғы жартылай қорғаушысы: мансабында 444 ойын өткізіп, ұлттық құрама сапында 20 рет алаңға шыққан. Бапкерлік жұмысын 2019 жылы «Юнион Сент-Жилуаз» клубында көмекші болып бастады, 2022 жылдан бастап команданы басқарып, оны Бельгия чемпионатында үшінші орынға, ел кубогының жартылай финалына және Еуропа лигасының ширек финалына жеткізді. Кейін ол Германияның «Шальке» клубында, ал 2025 жылғы маусымнан бастап Францияның «Реймс» командасында жұмыс істеді. «Ордабасы» оның бас бапкер ретіндегі мансабындағы төртінші команда болмақ.
2026 жылғы маусымда «Ордабасы» екінші рет Қазақстан чемпионы атанып, ел кубогын да жеңіп алды және тарихында алғаш рет алтын дубль жасады. Жазда Герартстың командасы маусымды Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінен бастайды.



