Мазмұнға өту

Алматыдағы 45 мың орындық жаңа стадионның іргетасы әлі қаланбады

Жыл соңына дейін құрылысшылар сынақ қадаларын тексеріп бітіріп, алаңға су, электр және сыртқы жарық тартпақ.

Футбольный стадион на 45 тысяч зрителей в Алматы

Алматыдағы 45 мың көрерменге арналған жаңа футбол стадионының құрылысы әлі іргетасқа жеткен жоқ. Құлжа және Талғар тас жолдарының арасындағы алаңда сынақ қадалары тексеріліп, топырақ зерттеліп жатыр, деп Kazinform агенттігіне айтты Алматы қаласының құрылыс басқармасы.

Аумағы 32 гектар учаске 10 балдық сейсмикалық аймақта орналасқандықтан, мамандар ҚазҒЗСИ-мен бірге топырақтың беріктігі мен көтеру қабілетін тексеріп жатыр. «Стадион іргетасының құрылысын бастау сынақ қадаларын сынау нәтижелері мен инженерлік-геологиялық ізденістердің қорытындысына тікелей байланысты. Сондықтан қазір негізгі іргетас конструкцияларын бетондау жұмыстары әлі басталған жоқ», — деді басқармада. Учаскеден топырақтың өсімдік қабаты алынып, алғашқы жоспарлау жасалды, бірақ аумақты тегістеу әлі аяқталмаған.

Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Нұрбек Жасыбаевтың айтуынша, 2026 жылдың соңына дейін алаңда мына жұмыстар жоспарланған:

  • сынақ қадаларын қағу мен сынауды аяқтап, техникалық қорытынды алу;
  • арена мен жаттығу алаңдары үшін жер жұмыстары мен жоспарлауды бітіру;
  • құрылысқа электр, су және сыртқы жарық тарту;
  • жоба бойынша қадаларды орнатып, бетондау.

Арена УЕФА-ның стадиондар жіктемесіндегі ең жоғары, IV санат талаптарына сай салынып жатыр. Алғашында ол 35 мың орынға жоспарланған, бірақ тұрғындардың ұсынысынан кейін сыйымдылығы 45 мыңға дейін ұлғайтылды. Құрылысты 2028 жылдың көктемінде аяқтау көзделген, сонда «Қайрат» пен Қазақстан құрамасының Алматыда жаңа үй аренасы пайда болады.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз