Шығыс Қазақстан облысында 2027 жылдан бастап барлық аудандағы үй және ауыл шаруашылығы жануарларының бәріне құтыруға қарсы екпе салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ветеринария басқармасының басшысы Рамиль Сағындықов мәлімдеді.
Осы уақытқа дейін өңірде екпе көбіне ауру ошағы анықталғаннан кейін ғана жасалып келді. Енді ветеринарлар алдын алуға көшіп, аулалардағы малды ертерек қамтымақ. Бұған жабайы жануарлар арасынан анықталған жағдайлар себеп болды.
«Облыстың шекаралас аудандарында жабайы жануарларды тексеру кезінде құтырудың 10 жағдайы зертханада расталды. Бұл алдын алуға ерекше көңіл бөліп, жабайы аң үй жануарларына немесе малға ауруды жұқтырғанша күтпеу керегін көрсетеді», — деді Рамиль Сағындықов. Екпе жануарлардың ауруды жұқтыру қаупін азайтып, оның адамға берілуінің алдын алуға көмектеседі.
Облыста ветеринария желісі де жаңартылып жатыр. 2026–2027 жылдары жалпы құны 3,6 млрд теңгеден асатын 131 ветеринариялық нысан салу жоспарланған. 2026 жылғы жоспарда 32 ветеринариялық пункт, үш аудандық ветстанция және 25 мал қорымы бар, олардың 70%-дан астамы пайдалануға беруге дайын.
Биыл жануарлардың жұқпалы ауруларымен күреске 2,2 млрд теңге бөлінді. Жыл басынан бері ветеринарлар жеті жұқпалы ауруға қарсы 4,1 млн профилактикалық шара өткізіп, бруцеллезге 1,2 млн зерттеу жүргізді, 420 мал шаруашылығы нысанын залалсыздандырды. Ветеринария қызметінің штаты 87%-ға жасақталған, келесі жылы мамандардың жалақысын көтеру көзделіп отыр.



