«Аштық ойындары» франшизасының жаңа фильмі The Hunger Games: Sunrise on the Reaping (орыс тіліндегі прокатта – «Голодные игры: Рассвет жатвы») АҚШ-та сәрсенбі мен бейсенбі күнгі премьераға дейінгі көрсетілімдерде 21,25 млн доллар, яғни шамамен 9,5 млрд теңге жинады. Бұл туралы Deadline хабарлады. Оның 5 млн доллары сәрсенбі күні премиум форматтағы залдардағы ерте сеанстардан, тағы 16,25 млн доллары бейсенбі кешкі көрсетілімдерден түскен.
Бұл – серия тарихындағы екінші нәтиже: одан жақсы бастаған тек 2013 жылғы екінші бөлім Catching Fire ғана, ол кезде 25,2 млн доллар жиналған. 2026 жылғы фильмдер арасында ерте көрсетілімдерде одан көп табысқа тек жаңа «Өрмекші адам» (Spider-Man: Brand New Day) жетті – 72 млн доллар. Кристофер Ноланның «Одиссеясы» (17,6 млн доллар) мен 2024 жылғы Wicked (19,2 млн доллар) артта қалды. Циклдің алдыңғы фильмі The Ballad of Songbirds & Snakes превьюде небәрі 5,75 млн доллар жинаған.
Deadline болжамынша, фильм алғашқы демалыста АҚШ-та шамамен 100 млн доллар табуы мүмкін. Халықаралық прокаттағы бастапқы болжам 70 млн доллардан 86 млн долларға дейін көтерілді. Көрермендер картинаны сериядағы басқа бөлімдердің бәрінен жылы қабылдады: Rotten Tomatoes сайтында көрермендердің 95 пайызы оң баға берген. Сыншылардың бағасы төменірек – 68 пайыз. Фильмнің бюджеті шамамен 150 млн доллар, яғни 67 млрд теңгеге жуық.
Қазақстан үшін бұл премьераның өзіндік мәні бар: фильмге астаналық актер Диас Қалдыбеков түсті. Kazinform мәліметінше, ол Англер (Angler) есімді трибутты сомдады. Deadline кассалық табыс туралы жаңалыққа қоса жариялаған басқа трибуттармен бірге түскен кадрда Қалдыбеков те бар.
Фильм – Сьюзен Коллинз романының экранизациясы әрі франшизаның алтыншы фильмі. Оқиға алғашқы бөлімдегі оқиғалардан 24 жыл бұрын өтеді. Сюжеттің орталығында – Китнисс Эвердиннің болашақ тәлімгері, жас Хеймитч Эбернети. Түпнұсқа фильмдерде бұл кейіпкерді Вуди Харрельсон сомдаған. Енді оның рөлін Джозеф Зада ойнайды, фильмге сондай-ақ Рэйф Файнс, Эль Фаннинг және Джесси Племонс түсті. Режиссері – серияның көп бөлімін түсірген Фрэнсис Лоуренс. «Аштық ойындарының» алдыңғы бес бөлімі әлемдік прокатта 3,3 млрд доллар жинаған.



