Вашингтонда Waymo және басқа компаниялардың жүргізушісіз таксилерімен ақылы қатынауға рұқсат беретін заң жобасы өтпей қалды. 12 қарашада, бейсенбі күні, Колумбия округі кеңесінің көлік комитетінде дауыс тең бөлінді: үш дауыс «қолдап», үш дауыс «қарсы» берілді, сондықтан құжат қабылданбады, деп хабарлайды WUSA9. Астана уақытымен дауыс беру 13 қарашаға қараған түні өтті.
Заңға кеңес мүшелері Захари Паркер, Элисса Сильверман және Вашингтонның сайланған мэрі Джанис Льюис Джордж қарсы шықты. Заңның авторы Чарльз Аллен, Кристина Хендерсон және кеңес төрағасы Фил Мендельсон қолдап дауыс берді. Аллен құжат комитеттен өтпесе, биыл оған қайта оралмайтынын алдын ала ескерткен еді.
Заң роботаксилерге 2028 жылдан бастап ақылы жұмыс істеуге рұқсат беріп, көлік санын шектейтін еді: бір компанияға 200-ден, бүкіл қалаға 800-ден аспауы керек болатын. Дауыс беру алдында Аллен мәтінді қайта жазып, такси сервистерінің жүргізушілеріне ұжымдық келіссөз жүргізу құқығын берді, ал операторларды 2032 жылға қарай көліктерінің 20 пайызын мүгедектер арбасындағы жолаушыларға бейімдеуге міндеттеді, деп жазады The Washington Sun.
«Бұл технология әлі де сынақ кезеңінде тұр, ал Вашингтон тәжірибе нысаны бола алмайды», — деп мәлімдеді Льюис Джордж отырыста. Ол қызметіне кіріскен соң бұл заңмен айналысатынын айтты: «Мен талай рет айттым: мен жүргізушісіз көліктерге қарсы емеспін, олардың осында келгенін қалаймын». Заңға кәсіподақтар да қарсы болды — олар жүргізушілер жұмыссыз қалады деп алаңдайды.
Waymo компаниясы кеңеспен «бұрынғыдай жұмыс істеуге дайын» екенін айтты, бірақ «бұл талқылауды кейінге шегеру жұмысымызды кеңейтумен бірге келетін қосымша инвестиция мен жұмыс орындарын тежейді» деп ескертті. Waymo Вашингтонда көліктерін 2024 жылдан бері сынап келеді, әзірге руль артында жүргізуші отырады. Компания қалада зарядтау мен қызмет көрсетуге арналған үш алаң ашып қойған. Аллен роботаксилерге алдымен көрші Вирджиния мен Мэриленд рұқсат беріп, оның заңындағыдай жұмысшыларға кепілдік қарастырмауы мүмкін деп қауіптенеді.
Waymo — АҚШ-тағы ең ірі роботакси операторы, сервис 15 қалада жұмыс істейді. Бәсекелестері де кеңейіп жатыр: Tesla жақында Сан-Антониода роботаксиді іске қосты.
Қазақстанда жүргізушісіз такси әзірге сынақтан өтіп жатыр. «Қазір пилоттық жоба үш қалада — Астанада, Алматыда және Қосшыда іске қосылған», — деп қыркүйекте мәлімдеген еді вице-премьер Жаслан Мадиев. Ақылы сапарларды 2027 жылы бастау жоспарланып отыр, жобаны Yandex Qazaqstan және inDrive компанияларымен бірге әзірлеп жатыр.



