Түркістан облысында алдағы үш жылда «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында жалпы құны 406 млрд теңге болатын 108 нысанды салу және жаңғырту жоспарланып отыр. Қаражат мектептерге, ауруханаларға, мәдениет пен спорт мекемелеріне, инженерлік желілер мен жолдарға бағытталады. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің қатысуымен өткен отырыста айтылды.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Күмісбек Жаппардың айтуынша, тізімге білім берудің 22 нысаны, денсаулық сақтаудың 4 нысаны, мәдениеттің 11 мекемесі және 8 спорт нысаны енген. Шорнақ ауылында әлеуметтік қызмет көрсету орталығы салынбақ. Ең көп қаражат — 152 млрд теңге — инженерлік инфрақұрылымның 54 жобасына қарастырылған.
Тағы 36 млрд теңге жол саласындағы алты жобаға бағытталады. Ірі жобалардың қатарында Түркістан — Шәуілдір тас жолын қайта жаңарту, Сарыағаш пен Түркістанды айналып өтетін жолдар бар. Дарбаза — Мақтаарал жаңа темір жол желісі техникалық режимде іске қосылды: ол Сарыағаш станциясының жүктемесін азайтып, жүк тасымалының мүмкіндігін кеңейтуі тиіс.
Облыста энергетика нысандары да салынып жатыр. Сайрам ауданында қуаты 1000 МВт болатын бу-газ қондырғысы тұрғызылуда, Сауран ауданында күн электр станциясын салу жоспарланған. Электр желілерін жаңғыртуға тағы 113 млрд теңге жұмсау көзделіп отыр.
2026–2029 жылдарға облыста жалпы құны 3,2 трлн теңге болатын 142 инвестициялық жоба жинақталды, олар 19 мыңға жуық жұмыс орнын ашуы тиіс.
Отырыста тоғыз айдың қорытындысы да шығарылды. Ең жақсы нәтижені Сауран, Жетісай және Сайрам аудандары көрсетті. Облыс әкімі көрсеткіштері төмен басшыларды сынға алды: «Барлығын ескертемін: әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қол жеткізбеген аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына қатысты тәртіптік жауапкершілік мәселесі қаралады», — деді Нұралхан Көшеров.
Өңірде ірі құрылыстар қазірдің өзінде жүріп жатыр: тоқтап қалған Қызылқұм каналын қайта жаңарту жұмыстары қайта басталды.



