Мазмұнға өту

Алматыда LEZ аймағында көмір сатуға 2027 жылдан тыйым салынбақ

Алматыдағы көмір базаларында қазір шамамен 24 мың тонна көмір жатыр, оның 95%-ы кірпіш зауыттарына арналған ұсақ фракция.

Заседание межведомственной комиссии по экологии в акимате Алматы

Алматыда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап шығарындылар деңгейі төмен аймақта (LEZ) көмір сатуға тыйым салу жоспарланып отыр. 2026 жылдың соңына дейін қаладағы көмір базаларына теміржолмен көмір тасу тоқтатылады, ал базалар орналасқан алаңдарды жалға алу шарттары 31 желтоқсанға дейін бұзылады. Бұл туралы Алматы қаласының әкімдігі хабарлады.

Мәселе экология мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралды. Базаларды қаладан Алматы облысына көшіру бұған дейін тапсырылған, алайда кейбір алаңдарда көмір әлі де түсіріліп, сатылып жатыр. Қазір онда шамамен 24 мың тонна көмір бар. Оның басым бөлігі — 22,8 мың тоннасы, яғни 95%-ы — кірпіш зауыттары алатын ұсақ фракция.

Сонымен қатар шағын және орта бизнес нысандары қатты отыннан газға көшірілуде. «Eco Almaty» ЖШС мәліметінше, осы жұмыс қамтыған 2 395 нысанның 1 879-ы газға көшіп үлгерді. Тағы 516 нысан әлі де қатты отын жағады, оларды газға көшіру атмосфералық ауаны қорғау қағидалары мен LEZ-ді кезең-кезеңімен енгізу талаптары ескеріле отырып жалғасады. Қаладағы жеке үйлердің 99,6%-ының газға қосылуға техникалық мүмкіндігі бар.

Түрксіб ауданындағы бес көмір базасын көшіруді Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жазда тапсырған еді: қалада сатылатын көмірдің 85%-ын Алматы агломерациясының тұрғындары сатып алады.

Сондай-ақ 2026 жылғы 30 желтоқсаннан бастап Алматыда газ тартылған үйлер мен моншаларды қатты және сұйық отынмен жағуға тыйым салынады. Шығарындылар деңгейі төмен аймақ әзірге қала орталығында — Бөгенбай батыр мен Желтоқсан көшелері, Абай мен Достық даңғылдарының аралығында пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Онда көліктер де тексеріліп жатыр: шығарындылар деңгейі төмен пилоттық аймақта тексерілген көліктердің 13,5%-ы нормадан асып кеткен.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз