Алматыда төмен шығарынды аймағы (LEZ) пилоттық жобасының аралық қорытындысы шықты. Қыркүйекте бақылау бекеттерінде 6 833 көлік тексерілді, оның 922-сінің, яғни 13,5%-ының шығарындысы белгіленген нормадан асқан. Бұл туралы Алматы қаласының әкімдігі хабарлады.
Жанармай жүйесін реттегеннен кейін нормадан асқан көліктердің 561-і қайта өлшеуден өтті. Әкімдіктің пікірінше, көлікке уақтылы техникалық қызмет көрсету және оны дұрыс баптау зиянды шығарындыларды едәуір азайтады. Қалған 361 көліктің жағдайы хабарламада айтылмаған.
Жоба әзірге жүргізушілерге тікелей әсер етпейді: LEZ шеңберінде қалаға кіруге шектеу енгізу, айыппұл салу немесе жол жүру ақысын алу көзделмеген. Пилоттық кезең 2026 жылдың соңына дейін жалғасады. Жиналған деректер көліктердің техникалық жай-күйін және мәселенің ауқымын көрсетуге тиіс, ал алдағы шаралар туралы шешім оларды талдағаннан кейін қабылданады.
Мамандардың бағалауынша, Алматыдағы ауа ластануының шамамен 60%-ы автокөлікке тиесілі.



