Денсаулық сақтау министрлігінің Фармация комитеті Алматы қаласының прокуратурасымен бірге қаладағы медициналық ұйымдардың Бірыңғай дистрибьютор арқылы алынуға тиіс дәрілерді заңды сатып алған-алмағанын тексереді. Бұл тапсырманы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 30 қазанда Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының алқа отырысында берді, деп хабарлады министрлік.
Науқастарға тегін берілуге тиіс дәрілердің дәріханаларда сатылуы да тексеріледі: препараттардың бөлшек саудаға қалай түскені анықталып, оған қатысы барлар белгіленеді. Заң бұзушылық расталса, заңға сәйкес шара қолданылады. Сондай-ақ дәрі беру кешіктірілгені туралы әр шағым мән-жайына қарай қаралуы тиіс: себебі анықталып, науқас тағайындалған емін алуы керек.
Министрліктің мәліметінше, дәрі-дәрмекке қажеттілікті қайта қарау ел бойынша 42,5 млрд теңгеден астам артық сатып алудың алдын алуға мүмкіндік берген. Оның 15,8 млрд теңгесі Алматыға тиесілі.
Алматының 2026 жылғы денсаулық сақтау бюджеті 393,7 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Алайда қаладағы медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегі жыл басындағы 6,12 млрд теңгеден 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 17,66 млрд теңгеге дейін өскен. Министр тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) қаражатын ашық жұмсауды, медициналық құжаттаманы дұрыс жүргізуді талап етті. Оның айтуынша, басшылар қаржылық және клиникалық нәтиже үшін жауап беруі керек.
Бірыңғай дистрибьютор тегін медициналық көмекке қажет дәрілер мен медициналық бұйымдарды орталықтандырып сатып алады. Сол алқа отырысында министрлік Алматы емханаларына дәрігерге жазылу шектеуін алып тастауды тапсырды.



