Шығыс Қазақстан облысында 30 қазанда Пихтовка өзені арқылы салынған жаңа көпірде қозғалыс ашылды. Сонымен бірге «Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары» автожолының 28 шақырымдық учаскесіндегі негізгі жұмыс аяқталды. Жаңа жол Осинов асуының күрделі бұралаң бөлігін айналып өтуге мүмкіндік береді, деп хабарлады Көлік министрлігі.
Осинов асуы ұзақ жылдар бойы республикалық жолдардың ең күрделі бөліктерінің бірі саналып келді. Әсіресе қыста қар мен көктайғақ кезінде асудан өту қиынға соғатын. Министрлік жаңа жол Алтай, Үлкен Нарын және Катонқарағай аудандарымен жыл бойы қатынасты қамтамасыз етіп, жол қауіпсіздігін арттырады деп күтеді. Бұл өңірдегі туризмге, бизнеске және жүк тасымалына да септігін тигізуі тиіс.
Пихтовка арқылы өтетін көпірдің ұзындығы 175 метр, таулы жер бедерінен биіктігі 45 метрге дейін жетеді. Көпір сегіз тірекке орнатылған жеті аралықтан тұрады, оған 79 темірбетон арқалық қойылған. Құрылымды тау бедеріне сыйғызу үшін оны қисық сызық бойымен салуға тура келген. Министрлік мәліметінше, күрделі тау-геологиялық жағдай стандартты емес инженерлік шешімдерді талап етті.
28 шақырымдық учаскенің бүкіл бойында жол негізінің төменгі және үстіңгі қабаттары мен асфальтбетон жабыны төселді. Құрылысшылар 545 мың текше метр жер жұмысын және 603 мың текше метр бұрғылап-жару жұмысын атқарды. Екі көпір мен 38 су өткізу құбыры салынды, оның екеуі мал айдайтын өткел. Нысанда 135 маман мен 65 бірлік техника жұмыс істеді. Министрлік хабарламасында жобаның құны көрсетілмеген.
Қозғалысты ашу рәсіміне Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, көлік вице-министрі Дамир Қожахметов және «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев қатысты.



