Мазмұнға өту

Google Gemini 4 Hydrogen моделін шығарып, іздеу жүйесін жаңартты

Жаңа модель алдыңғы нұсқадан 2,5 есе жылдам жауап береді, Google іздеуінде бүкіл әлемде тегін жұмыс істейді және Gemini қосымшасында автоматты түрде қосылады.

Логотип модели Gemini 4 Hydrogen на официальной обложке Google
Фото: Google

Google 12 қарашада күнделікті тапсырмаларға арналған Gemini 4 Hydrogen атты жаңа жылдам тілдік модельді (мәтінді түсініп, жаза алатын бағдарлама) таныстырды. Компания сонымен бірге бүкіл әлемде Google іздеуін осы модельге көшіріп, мұны іздеу жүйесіндегі модельдің ең ауқымды жаңартуы деп атады.

Hydrogen Flash желісінің орнын басады. Компания мәліметінше, модель стандартты режимде тапсырмаларды Gemini 3.8 Flash-тен 2,5 есе жылдам орындайды. Командалық жолмен жұмысты тексеретін Terminal-Bench 4.1 сынағында ол 18,2% орнына 57% нәтиже көрсеткен, ал ойдан шығарылған деректер бес еседен астам азайған. Модель бір мезетте миллион токенге дейін оқи алады: бұл – жүздеген бет мәтін, кестелер, графиктер, аудио мен бейне. Оның «ойлану» деңгейі төртеу: жылдам жауаптан бастап барынша мұқият талдауға дейін.

Іздеуде модель бірнеше бөліктен тұратын ұзын сұрақтарды қатесі болса да жақсырақ түсінеді. Жауаптар көрнекі бола түседі: оларға суреттер, салыстыру кестелері мен арнайы құралдар қосылады, сайттарға сілтеме саны да артады. Google іздеудің ЖИ режимі қолдайтын барлық тілде жауаптар дәлірек болатынын айтады.

Gemini 4 Hydrogen негізіндегі Google іздеуі жауаптарының үлгілері
Фото: Google

Қарапайым пайдаланушылар Hydrogen-ді тегін қолдана алады: іздеуде модель бірден жұмыс істейді, Gemini қосымшасында модельдер тізімінде тұр, ал тегін тарифте сұраққа лайық болса, өздігінен қосылады. Google Sheets кестелерінде ол алдымен Google AI Pro мен Ultra жазылушыларына қолжетімді болады. Әзірлеушілер үшін кіріс токендерінің әр миллионы 1,50 доллар, шығыс токендерінікі 7,50 доллар тұрады. Модель бүкіл әлемде іске қосылды. Gemini қосымшасы Қазақстанда жұмыс істейді және 2025 жылғы желтоқсаннан бері қазақ тілін түсінеді, бірақ Hydrogen-нің қазақ және орыс тілдерімен қалай жұмыс істейтінін Google бөлек хабарлаған жоқ.

Тәуелсіз Artificial Analysis платформасы да модельдің деңгейі жоғары екенін растайды. Оның индексінде Hydrogen стандартты режимде 51 балл, ең мұқият режимде 54 балл жинап, Claude Sonnet 5.5 пен GPT-6.1 Sol модельдерінен (әрқайсысы 55 балл) сәл ғана қалып қойды. Платформа мәліметінше, модель деректерді небәрі 8% жағдайда ойдан шығарады, бірақ командалық жолмен жұмыс істеу тапсырмаларында бәсекелестерінен әлсіздеу.

Hydrogen – Gemini төртінші буынының ең кіші моделі. Google қазан айында Gemini 4 Argon моделін шығарып, ай соңында өзінің ең қуатты моделі – Gemini 4 Carbon-ды таныстырған. Компанияның бағалауынша, жаңа жылдам модель шамамен бір ай бұрын шыққан ірірек Argon-ды сынақтарда басып озып отыр.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз