UFC-дің 61 келіге дейінгі салмақтағы бұрынғы чемпионы Мераб Двалишвили RAF Abu Dhabi еркін күрес турнирінде бразилиялық Марлон Мораесті жеңді. RAF лигасының хабарлауынша, грузин бірінші кезеңнің 1:30-ында қарсыласының жауырынын кілемге тигізді. Белдесу 14 қарашада, сенбі күні, «Этихад Аренада» өтті. Бұл Усман Нұрмағомедов пен оның айналасындағылар қонақүйде Двалишвилиге шабуыл жасағаннан кейін үш күн өткенде болды.
Мораес белдесуді жақсы бастады: басында ол аяққа өтіп, екі ұпай алды. Содан кейін бразилиялық тағы бір рет аударуға тырысты, бірақ Двалишвили қарсыласының қолынан шығып, үстіне шықты да, оның жауырынын кілемге басты. Бұл — күрестегі мерзімінен бұрын жеңіс, туше.
Белдесуден кейін Двалишвили өзіне шабуыл жасағандарды тағы да қорғады. «Әбу-Даби үкіметі, өтінемін, ана жігіттерді босатыңыздар. Оларды шығарыңыздар, өтінемін. Біз жай ғана жекпе-жекшіміз, мұндай жағдай болып тұрады», — деді ол кілемнің үстінде Чейл Сонненге берген сұхбатында. Бір күн бұрын грузин әмірлік билігінен сотталғандардың бәрін босатуды сұраған және айып тақпайтынын айтқан.
Сол кеші RAF-та оның 21 жастағы досы, төбелес кезінде Двалишвилиді қорғаған балуан Саба Лазишвили алғаш рет белдесті. Ол кілемге шыққанға дейін Двалишвили досын бауырым деп атады: «Ол — менің мәңгілік бауырым. Өмір бойғы. Жеңе ме, жеңіле ме, бәрібір, мен үшін ол жеңімпаз». Лазишвили турнирден шығарылған Умар Нұрмағомедовтың орнына шығып, UFC Даңқ залының мүшесі Юрайя Фейберді ұпай бойынша 12:7 есебімен жеңді.
Төбелес 11 қарашада Әбу-Дабидегі қонақүйдің фойесінде болды. Сот Усманды және тағы жеті адамды алты айға бас бостандығынан айырып, әрқайсысына 300 мың дирхам — шамамен 36 млн теңге айыппұл салды. Жазасын өтегеннен кейін олар БАӘ-ден шығарылады. Двалишвили мен Лазишвили 50 мың дирхамнан айыппұл төледі. Бұл — Двалишвилидің RAF-тағы төртінші белдесуі: бұған дейін ол Фрэнки Эдгар мен Генри Сехудоны жеңген, ал тамызда реваншта Сехудоға жеңілген. Мораеспен олар 2021 жылы UFC-де кездескен, сол кезде грузин екінші раундта техникалық нокаутпен жеңді.



