«Арсеналдың» бұрынғы бас бапкері Арсен Венгер ФИФА президенті лауазымына кандидатурасын ұсынбауы мүмкін, деп хабарлайды L’Équipe. Басылым журналисі Этьен Моаттидің мәліметінше, 77 жастағы француз 2027 жылғы 18 наурызда Рабатта өтетін ФИФА конгресіндегі сайлауға «үміткер болмайтын көрінеді», деп жазады Foot01.
Венгердің бұл шешімі ең алдымен УЕФА жоспарына соққы болады. Қазіргі президент Джанни Инфантиноға дауыс беруден бас тартқан Еуропа одағы француздың күреске қосылатынына үміттенген еді. Енді УЕФА алдағы күндері басқа үміткерді анықтауы тиіс: сайлауға өтінімдер 18 қарашаға дейін қабылданады.
Венгер қазір ФИФА-да футболды жаһандық дамыту бағытын басқарады. 11 қарашада британдық PA агенттігі француздың айналасындағы дереккөздерге сілтеме жасап, оның апта соңына дейін шешім қабылдайтынын, ал УЕФА мен ФИФА-дағы кейбір әріптестері оны сайлауға түсуге көндіріп жатқанын хабарлаған. Сол кезде Еуропаның жоғары лауазымды функционерлерінің бірі Венгерді Инфантиноны жеңе алатын жалғыз адам деп атаған.
Ал Инфантино қолдау жинап жатыр. PA дерегінше, Африка футбол конфедерациясы оған «бірауыздан» қолдау көрсетуге уәде берді, Азия конфедерациясы ұстанымын өзгертіп, швейцариялықты жақтайтынын мәлімдеді, ал Кариб футбол одағының елдері оны 6 қарашада қолдады. Инфантиноға Оңтүстік Америка мен Океания елдері де дауыс береді деп күтілуде.
Инфантинодан бөлек, ФИФА басшысы лауазымына Швейцария құрамасының бұрынғы қорғаушысы Рамон Вега мен жапониялық функционер Кодзо Тасима үміткер, деп жазады Italpress. Тамызда Инфантиноның әлем чемпионатына жеке инвесторларды тарту жобасына қатысты жанжал кезінде Венгер бұл идеядан бас тарту «мүлдем қажет» болғанын айтқан. Бұған дейін The Telegraph Франция президенті Эммануэль Макронның Венгерге сайлауда көмек ұсынғанын жазған.



