Жаңа Stadler вагондары сағатына 160 км-ге дейін жүруге есептелген, бірақ Қазақстан жолдарында пойыздардың орташа жылдамдығы шамамен 60–70 км/сағ болады. Бұл туралы 11 қарашада Астанадағы брифингте «Штадлер Қазақстан» ЖШС-ның коммерциялық директоры Сергей Леонтьев айтты. Бұл Астана мен Алматы арасында қатынай бастаған жаңа вагонды алғашқы пойызға да, мұндай құрамдар кейін шығатын барлық бағытқа да қатысты.
Мәселе инфрақұрылымда. ҚТЖ басқарма төрағасының орынбасары Ануар Ахметжановтың түсіндіруінше, бір жолмен жолаушылар пойыздары да, салмағы 6 мың тоннаға дейінгі жүк құрамдары да жүреді, ал сағатына 160 км жылдамдықпен жүру үшін жолға мүлде басқа талаптар қойылады. «Бұл ең алдымен қауіпсіздік мәселесі екенін түсіну керек», — деді ол. Оның сөзінше, жолдарды жаңғырту өте қымбатқа түседі, сондықтан ҚТЖ жылдамдық пен қауіпсіздік арасындағы тепе-теңдікті таңдап отыр. Ахметжанов Жапонияда және жүрдек пойыздары бар басқа елдерде жолаушыларға жүк құрамдары жүрмейтін бөлек жол бөлінетінін де атап өтті.
Леонтьевтің айтуынша, ҚТЖ 103 вагонды алып үлгерді, жыл соңына дейін тағы 142 вагон беріледі. «Бәрі ҚТЖ мен Stadler арасында жасалған жеткізу кестесіне сай жүріп жатыр», — деді ол. Іске қосар алдында вагондардың жекелеген жүйелері қосымша бапталып, сынақтан өтті, сынақ шығынын Stadler өз мойнына алды. Келісімшарт бойынша 2030 жылға дейін Қазақстанға барлығы 557 вагон жеткізілуі тиіс.

Жаңа вагондардан құралған алғашқы пойыз 11 қарашада жолға шықты. №3/4 пойыз Астанадан сағат 13:10-да жөнелтіліп, Алматыға келесі күні сағат 08:30-да жетеді. 13 қарашада жаңа вагондар «Нұрлы жол – Семей» бағытына шығады. Астана – Атырау пойызы қараша айының соңына дейін, ал Жезқазған арқылы Қызылордаға баратын пойыз шамамен желтоқсанның ортасында қатынай бастауы мүмкін.
Жүк пойыздарымен ортақ жолдағы баяу қозғалыс — бұрыннан келе жатқан мәселе. 2025 жылғы тамызда Ахметжанов Talgo вагондары да сағатына 160 км-ге дейінгі жылдамдыққа жобаланғанын айтқан. Алайда Алматы мен Астана арасындағы пойыз шамамен 11 сағатта жете алатын болса да, жолда 18–21 сағат жүреді. Ол мұның себебін де дәл солай түсіндірген: желілер жүк құрамдарымен ортақ, ал инфрақұрылым жүрдек қозғалысқа есептелмеген.



