Мазмұнға өту
2026 жылғы 12 қараша, бейсенбі

Израиль Газадағы «Насер» ауруханасына соққы берді: 6 адам қаза тапты

Израиль армиясы соққы туралы мәліметті әлі растаған жоқ, ал палестиналық дереккөздер қаза тапқандардың арасында ХАМАС күштік құрылымының басшыларының бірі бар дейді.

Палестинцы осматривают повреждённую палатку в районе Шейх-Радван на севере Газы
Фото: EPA

12 қарашаға қараған түні Израильдің әуе соққысы Газа секторының оңтүстігіндегі Хан-Юнис қаласындағы «Насер» ауруханасына тиді. Газа азаматтық қорғаныс қызметінің өкілі Махмуд Бассаль AFP агенттігіне алты адам қаза тауып, 20-дан астам адам жараланғанын айтты. Аурухана өз мәлімдемесінде алты адамның қаза тапқанын растады. Reuters азаматтық қорғаныс қызметіне сілтеме жасап, кемінде бес адам, оның ішінде хирург Резик Абушира көз жұмғанын хабарлады.

Бассальдің сөзінше, соққы хирургия бөлімшесіне тиіп, оны қатты қиратқан. Al Jazeera жансақтау бөлімшесі де зардап шеккенін, ал жараланғандардың арасында аурухана қызметкерлері барын хабарлады. Израильдік Arutz Sheva порталы сілтеме жасаған палестиналық дереккөздер қаза тапқандардың арасында ХАМАС қауіпсіздік қызметінің басшыларының бірі Халед Абу Анза бар екенін айтады. Израиль армиясы мұны растаған жоқ. Армия өкілі AFP-ке соққы туралы мәліметтер тексеріліп жатқанын айтты. Израиль әскерилері бұған дейін де ХАМАС-тың күштік құрылымдары «Насер» кешенін пайдаланады деп мәлімдеген.

Соққылар басқа аудандарда да жасалды. Al Jazeera мәліметінше, Газаның солтүстігіндегі Шейх-Радван ауданында шатырға жасалған соққыдан бір отбасының екі мүшесі қаза тапты, сондай-ақ Сабра ауданында, Бурейдж лагерінің маңында және Ан-Наср ауданында бір-бір адамнан көз жұмды. Жергілікті құтқарушылардың дерегінше, сейсенбіде израиль әскерилері жеті адамды, оның ішінде 13 жасар баланы өлтірді. Армия «содырларды» нысанаға алғанын мәлімдеді.

Мұның бәрі шатыр лагерьлерін су басқан қатты нөсер кезінде болып жатыр. ЮНИСЕФ мәліметінше, жауын-шашын кемінде 106 мың адамға тікелей әсер етті. БҰҰ су өткізбейтін шатырлар үшін шұғыл қаражат жинауды жариялады. БҰҰ-ның гуманитарлық істер жөніндегі басшысы Том Флетчер кейбір елдер қысқы көмекті Израильдің жаңа үкіметі құрылғанға дейін кейінге қалдырып жатқанын айтып, мұны «қабылдауға болмайтын сылтау» деп атады.

Израиль мен ХАМАС арасындағы атысты тоқтату келісімі екі жылға созылған соғыстан кейін 2025 жылдың қазанынан бері күшінде. Тараптар бір-бірін келісімді бұзды деп айыптайды: Израиль ХАМАС қайта қаруланғысы келеді десе, ХАМАС Израиль келісімге нұқсан келтіріп отыр дейді. БҰҰ сенімді деп санайтын Газа Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, атысты тоқтату басталғалы 1590-нан астам палестиналық қаза тапқан.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз