Ресейдің шабуылдаушы дроны 11 қарашада күндіз Украинаның екінші ірі қаласы, Ресей шекарасынан шамамен 30 шақырым жердегі Харьковтың Салтов ауданында жолға құлады. Жанында жеңіл көлік өртеніп, оның жүргізушісі мен жолаушысы қаза тапты, деп хабарлады Украина ТЖМҚ. Тағы үш адам зардап шекті, олардың арасында 12 жастағы қыз бала бар.
Екі адамның қаза тапқанын алғаш Харьков облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Олег Синегубов хабарлады. Билік олардың есімін әзірге атаған жоқ. Синегубовтың нақтыланған мәліметінше, 59 жастағы ер адам әйнек сынығынан жараланған, ал 38 жастағы әйел мен 12 жастағы қыз бала қатты күйзеліске ұшыраған. Зардап шеккендердің барлығына көмек сол жерде көрсетілді.

Жарылыстан көпқабатты тұрғын үйдің терезелері сынып, басқа көліктер зақымданды. Құтқарушылар жанып жатқан көлікті сөндіріп, терезелері сынған пәтерлерді тексерді. Тұрғындармен ТЖМҚ психологтары жұмыс істеді.

Көшеде қарапайым адамдар жүрген күндізгі уақытта тұрғын ауданға жасалған бұл соққы — бейбіт қалаға қарсы лаңкестік шабуыл. Харьков облысының полициясы соғыс заңдары мен әдет-ғұрыптарын бұзу бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Украинада әскери қылмыстар осылай тергеледі.
Ресей әскері Харьковқа күн сайын дерлік шабуыл жасайды. Сол күні таңертең Ресей зымырандары Украинаның энергетикасына жасалған түнгі шабуыл кезінде Харьковтың екі ауданына тиді.



