Қазан айынан бері 729 қазақстандық eGov арқылы әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылардан өз еркімен бас тартты. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Қазанның ортасында мұндай адамдардың саны 200-ден сәл ғана асқан еді.
Министрлік бас тарту азаматтың міндеті емес, құқығы екенін атап өтті. «Өмір жағдайы өзгерсе, азамат жаңа өтініш беруге құқылы», — делінген Еңбекминінің хабарламасында. Өз еркімен бас тарту мемлекеттік қолдауға қайта жүгіну құқығынан айырмайды. Бірақ бұрынғы төлем өздігінен қайта басталмайды: жаңа өтініш сол кезде қолданыста болатын қағидалар бойынша қаралады.
Бас тартуды eGov Mobile қосымшасында немесе egov.kz порталында рәсімдеуге болады, мемлекеттік органға барудың қажеті жоқ. Жүйе адамға тағайындалған төлемдерді өзі көрсетеді: керегін таңдап, шешімді растап, электрондық өтініш жіберу керек. Сервисті төлемі тағайындалып қойған азаматтар ғана пайдалана алады. Министрлік сервис тек eGov Mobile пен egov.kz-те жұмыс істейтінін, ал ведомство мессенджерлерде жәрдемақыдан бас тарту туралы сілтеме таратпайтынын ескертті.
Өз еркімен бас тарту сервисі қазан айында іске қосылды. Еңбекминінің айтуынша, ол ең алдымен өзін және отбасын өзі асырай алатын, әл-ауқаты жоғары және ауқатты деңгейдегі азаматтарға арналған. Сол кезде жәрдемақы алушыларға төлемнен бас тартуды ұсынған хабарламалар келе бастады.
Өз еркімен бас тарту мен атаулылық — екі бөлек тетік. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жәрдемақылардың бір бөлігі отбасының мұқтаждығы ескеріле отырып тағайындалады: шектеулер «Отбасының цифрлық картасындағы» A және B санатындағы, яғни әл-ауқаты жоғары және ауқатты отбасыларға қатысты болады. Еңбекмині түсіндіргендей, зейнетақы бұл ретте отбасының әл-ауқатына ғана тәуелді болмауы тиіс. Бағалау үшін банктер алушылардың келісімімен шоттар мен депозиттер туралы мәліметтерді бере бастайды, ал 18 қарашадан бастап мұндай келісімсіз жәрдемақыға өтініш қабылданбайды.



