Түркияның Анталия қаласында өтіп жатқан БҰҰ-ның климат өзгерісі жөніндегі 31-конференциясында (COP31) Қазақстанның ұлттық павильонында 11 қарашада тоғыз құжатқа — бес келісім мен төрт меморандумға қол қойылды. Олар жел энергетикасына, метан ағуын азайтуға, жерді қалпына келтіруге, газды есепке алуға және қалдықтарды қайта өңдеуге қатысты. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі хабарлады.
Бес келісім экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыровтың қатысуымен жасалды. Олардың екеуі жел электр станцияларын салуға арналған: Қостанай облысында қуаты 1 ГВт, Түркістан облысында 150 МВт. Тағы бір келісім Aqyl Energy жобасына қатысты: жоба бойынша 1,35 млн ақылды газ есептегіші орнатылып, табиғи газды есепке алудың бірыңғай цифрлық жүйесі құрылмақ.
Екі негіздемелік келісім Париж келісімінің 6-бабы бойынша жүзеге асады. Бұл бап елдерге шығарындыларды азайту нәтижелерін бір-біріне беруге мүмкіндік береді. Біріншісі QazaqGaz Aimaq газ желілеріндегі метан ағуын анықтап, жоюға арналған, оған VEMA S.A. мен Carbon Bridge Central Asia Ltd. қол қойды. Екіншісі Алматы облысында орман өсіріп, тозған жерлерді қалпына келтіруді көздейді, оның тараптары — «SAFC» ЖШС мен SEFE Marketing & Trading Ltd.
Төрт меморандумға «Жасыл даму» АҚ басқарма төрағасы Ержан Сәрсенбай «АРМ», PUZER, NULOOP және LoopEnerGren Capital компанияларымен бірге қол қойды. Құжаттар қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеу, оларды жинаудың заманауи жүйелерін енгізу, литий-ионды аккумуляторларды қайта өңдеу және жаңартылатын энергетиканы дамыту салаларындағы ынтымақтастықты көздейді.
Қазақстан Анталиядағы климаттық конференцияға ұлттық павильонмен барып, онда ынтымақтастық туралы 28-ге жуық құжатқа қол қоюды жоспарлаған. Қостанай облысындағы 1000 МВт-тық жел станциясы бұған дейін Шымкентте өткен KGIR-2026 форумында қол қойылған келісімдер топтамасына да енген.



