Мектептерде, балабақшаларда және өзге де білім беру ұйымдарында Face ID технологиясы арқылы кіруді бақылау жүйелерін жаппай енгізу қажет екені Үкіметте айтылды. Бұл туралы 11 қарашада Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев өткізген кеңесте сөз болды. Жиынға оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, облыстардың және Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Үкіметтің хабарлауынша, бет-әлпетті тану жүйесі қауіпсіздікті күшейтуге, оқушылардың сабаққа қатысуын автоматты түрде есепке алуға және білім беру ұйымдарының аумағына кіруді бақылауға арналған. Хабарламада жүйені енгізу мерзімі, құны және қай ұйымдарға орнатылатыны көрсетілмеген. Face ID міндетті бола ма, балалардың суреттері қайда сақталады, оларға кім қол жеткізе алады — бұл туралы да ештеңе айтылмаған.
Кеңесте балабақшаларды қаржыландыру мәселесі де талқыланды. Мемлекеттік білім беру тапсырысының құнын есептеудің бірыңғай әдістемесін енгізу ұсынылды. Ұсыныс бойынша бір тәрбиеленушіге шаққандағы базалық құн бүкіл ел үшін республикалық деңгейде белгіленіп, өңірлер арасындағы шығын айырмашылығы түзету коэффициенттері арқылы ескерілуі мүмкін. Мемлекеттік органдарға осы нұсқаны пысықтау тапсырылды.
Тағы бір тақырып — Ұлттық білім беру платформасы. Оқу-ағарту министрлігі «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп өңірлерді платформаға кезең-кезеңімен қосу жоспарын әзірледі. Платформа білім саласындағы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруға, деректердің дәлдігін арттыруға және бюджет шығынының ашықтығын қамтамасыз етуге тиіс. Кеңес қорытындысында мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге саланы әрі қарай цифрландыру және бюджет қаражатын тиімді жұмсау тапсырылды.
Білім беру саласындағы Face ID бұған дейін де дау тудырған. Астанада бет-әлпетті тану жүйесі бюджет қаражатымен жұмыс істейтін жеке үйірмелер мен секцияларда сынақтан өтіп жатыр: әкімдік осылайша балалардың сабаққа шын қатысатынын тексергісі келеді. «Курсив» басылымының дерегінше, қараша айының басында 30-ға жуық жеке үйірме иесі балалардың бет-әлпетін міндетті түрде тексеруге қарсы шығып, елорда әкімдігінің алдына барған.



