ОПЕК+ елдері қазан айында тәулігіне 41,23 млн баррель мұнай өндірді, бұл қыркүйектегіден 2,04 млн баррельге көп. Бұл 11 қарашада, сәрсенбі күні, жарияланған ОПЕК-тің ай сайынғы баяндамасынан белгілі болды. Reuters есебінше, бұл ақпандағы 42,72 млн баррель деңгейінің 97%-ы. Ақпан – Иранмен соғыс Таяу Шығыстан жеткізілімдерді бұзғанға дейінгі соңғы ай болатын.
Қазақстан қазанда газ конденсатын есептемегенде тәулігіне 1,887 млн баррель мұнай өндірді, бұл қыркүйектегі 1,853 млн баррельден 2%-ға көп. Баяндаманың бұл деректерін The Moscow Times келтірді. ОПЕК+ келісімі бойынша елдің квотасы – тәулігіне 1,628 млн баррель. Басылым квотадан асып кетуді «Теңізшевройлдың» 2025 жылы Теңіз кен орнындағы Болашақ кеңейту жобасын аяқтауымен байланыстырады. Қазақстан Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Кувейт, Алжир және Оманмен бірге 1 қарашада желтоқсанда да қыркүйектегі квоталарды сақтауды шешті. Бұл топтың келесі кездесуі 29 қарашаға белгіленген.
Өндірісті ең көп арттырған – Сауд Арабиясы. Корольдік ОПЕК-ке қазанда тәулігіне 10,563 млн баррель өндіргенін хабарлады, қыркүйекте бұл көрсеткіш 8,372 млн баррель болған. Бұл – ақпаннан бергі ең жоғары деңгей, ол кезде 10,882 млн баррель өндірілген. ОПЕК-тің жанама дереккөздерінің бағалауынша, Ресейдің өндірісі 41 мың баррельге артып, тәулігіне 8,668 млн баррельге жетті.
Парсы шығанағынан мұнай тасымалдау әлі де қиын: Иран Ормуз бұғазын жабық ұстап отыр. Өндірушілер мұнайды кемеден кемеге ауыстырып тиейді, ал Сауд Арабиясы оны Шығыс – Батыс мұнай құбыры арқылы Қызыл теңіздегі Янбу портына айдайды. Йемендегі хуситтер бұл құбырға осы аптада да шабуыл жасады.
ОПЕК бұл жолы сұраныс болжамын өзгертпеді, бұған дейін оны алты ай қатарынан төмендетіп келген еді. Ұйымның бағалауынша, 2026 жылы әлемдік мұнай сұранысы тәулігіне 180 мың баррельге, ал 2027 жылы 2,55 млн баррельге артып, 108,3 млн баррельге жетеді. Bloomberg хабарлауынша, бейсенбі күні таңертең Brent маркалы мұнайдың баррелі шамамен 91,75 доллар тұрды.



