Amazon компаниясы 11 қарашада Prime Video платформасында «Сақиналар әміршісі: Билік сақиналары» (The Lord of the Rings: The Rings of Power) телехикаясы үшінші маусымының алғашқы төрт сериясын жариялады. Маусым сегіз бөлімнен тұрады: бесінші және алтыншы серия 18 қарашада, соңғы екеуі 25 қарашада шығады.
Оқиға бес жыл алға жылжыған: эльфтердің Эрегион патшалығы құлағаннан кейінгі кезең баяндалады. Средиземьеде эльфтер мен Саурон (Чарли Викерс) арасындағы соғыс қызған шақ: оның әскері жердің басым бөлігін бақылауда ұстап отыр, ал өзі Бәрін билейтін сақинаны соғудың жолын іздеп жүр. Гномдардың Казад-Думы, Нуменор аралы және эльфтердің Линдон мен Ривенделл мекендері ғана соғыс отына шарпылмай қалды.
Галадриэльді бұрынғыдай Морфид Кларк сомдайды. Роберт Арамайо (Элронд), Оуайн Артур (Дурин IV) және Софья Номвете (Диса) да қайта оралды. Маусымға келген жаңа актерлер:
- Джейми Кэмпбелл Бауэр («Stranger Things») — Галадриэльдің көптен бері хабарсыз кеткен жұбайы Келеборн;
- Эдди Марсан — гномдар патшасы Дурин IV-тің ағасы Траин;
- Эндрю Ричардсон — Элендилдің кенже ұлы, Исилдурдың інісі Анарион;
- Зубин Варла — Рун өлкесінен шыққан истерлинг Кхамул;
- Адам Янг — жұмбақ орк Марнук;
- Саймон Пегг — телехикаяда алғаш рет тіл қататын Балрогтың дауысы.

Сыншылар маусымды жалпы жылы қабылдады. Көбі оны телехикаяның ең жинақы әрі серпінді маусымы деп атап, ауқымын, көрінісін және жаңа кейіпкерлерін мақтайды, бірақ тым салтанатты диалогтарын әлі де сынайды. Metacritic агрегаторында маусым 100 ұпайдың 73-ін жинады — бұл телехикаяның ең жоғары көрсеткіші. Ал Rotten Tomatoes сайтында оң пікірлердің үлесі әзірге алғашқы екі маусымға қарағанда төмен.
Үшінші маусымның алғашқы тизерін Prime Video шілдеде Сан-Диегодағы Comic-Con фестивалінде көрсетті. Бейнеролик Саурон Сақинаны соға бастайтын Ажал тауынан басталады:
«Билік сақиналары» Джон Р. Р. Толкиннің шығармалары желісімен түсірілген. Оқиға Средиземьенің Екінші дәуірінде, «Хоббит» пен «Сақиналар әміршісі» оқиғаларынан мыңдаған жыл бұрын өтеді. Телехикаяның авторлары — Джей Ди Пейн мен Патрик Маккей. Бірінші маусым 2022 жылғы қыркүйекте, екіншісі 2024 жылғы тамызда шықты. БАҚ мәліметінше, Amazon жобаға шамамен 1 млрд доллар (шамамен 445 млрд теңге) жұмсаған, сондықтан ол тарихтағы ең қымбат телехикаялардың қатарына кіреді.



