Астанада 13 қарашада сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін елорданың терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабы жоспарлы антитеррорлық жаттығу өткізіп жатыр. Ол Қарқаралы тас жолы, 15 мекенжайындағы Қазақ ұлттық спорт университетінің аумағында өтеді. Бұл туралы Терроризмге қарсы орталық хабарлады.
Жаттығу кезінде бұл аумақта шектеулер, оның ішінде жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысына шектеу енгізіледі. Тұрғындардан бұған түсіністікпен қарауды, қауіпсіздік шараларын сақтауды, жаттығуға тартылған мемлекеттік қызметшілердің заңды талаптарын орындауды, тек ресми ақпарат көздеріне сенуді және жалған мәлімет таратпауды сұрайды.
Жаттығу құқық қорғау және арнаулы органдардың террористік қатерлерге жедел әрекет етуге қаншалықты дайын екенін тексеруге арналған. Жедел штабтар мұндай жоспарлы жаттығуларды елдің әр қаласында өткізіп тұрады: осы күні Ақтауда да жаттығу өтіп, қозғалыс шектеледі.



