Саша Барон Коэннің «Али Джи: Мен кіммін?» (Ali G: Who Iz I?) атты жаңа фильмі әзірге Қазақстан кинотеатрларында көрсетіле алмайды: оған прокаттық куәлік алу үшін ешкім өтінім бермеген. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі BES.media сұрауына берген жауабында хабарлады. Ведомство дерегінше, 4 қарашадағы жағдай бойынша құқық иесі де, дистрибьютор да фильмді елде көрсету жөнінде министрлікке жүгінбеген.
Chaplin Cinemas желісі фильмдерді тек жарамды прокаттық куәлік болған жағдайда ғана көрсететінін, ал «Али Джи» фильмін прокатқа алу туралы ресми ұсыныс түспегенін айтты. «Осыған байланысты қазіргі уақытта қандай да бір пікір білдіруге негіз жоқ», — деп жауап берді компания. Ұсыныс келсе, ол Қазақстан заңнамасына сәйкес қаралады.
Бұл фильмнің прокаты қазақстандықтарды Борат кейіпкеріне байланысты қызықтырып отыр. Фильмнің екінші трейлерінде Коэннің кейіпкері қазақстандық ведомстволардың атынан картинаның «біздің екі кинотеатрымыздың бірінде» көрсетілмейтінін мәлімдеп, бойкот жариялауға шақырады. Али Джи оған Бораттың өзі де комедиялық кейіпкер екенін еске салады.
Министрлік сатираның өзі тыйым салуға себеп бола алмайтынын қазан айында-ақ түсіндірген. Ведомствоның сөзінше, шығарманың сатиралық сипаты, оның ішінде елдің, азаматтардың немесе мемлекеттік рәміздердің бейнеленуі «өз алдына бас тартуға дербес негіз болып табылмайды». Сарапшылар фильмді тұтастай бағалайды: көріністердің мәнмәтінін, заңмен тыйым салынған контенттің бар-жоғын және көрерменнің жасын ескереді. Мысалы, зорлық-зомбылықты насихаттағаны, араздық қоздырғаны немесе порнография үшін куәлік беруден бас тартуы мүмкін.
Шетелде фильм жарыққа шығып үлгерді. Ол 23 қазанда кинотеатрларда қысқа уақыт көрсетіліп, 28 қазанда Prime Video платформасына жүктелді. Бұл — Коэннің үлкен кинодағы алғашқы режиссерлік жұмысы. FlixPatrol сервисінің дерегінше, 30 қазанға қарай фильм АҚШ пен Ұлыбританияда Prime Video-дағы фильмдер рейтингінің көшін бастады.
Саша Барон Коэн — британдық комик. Али Джи — оның алғашқы танымал кейіпкері: Коэн 1990-жылдардың соңында британ теледидарында осы кейіпкер арқылы атағы шықты, ал Борат та оның Da Ali G Show шоуында пайда болған. Борат туралы 2006 және 2020 жылғы фильмдер Қазақстан прокатына шықпаған және елде ұзақ уақыт дау тудырған. Қазан айының соңында Коэн журналист Джош Хоровицтің подкастында қазақстандықтардан алғаш рет кешірім сұрады: «Осы мүмкіндікті пайдаланып, Қазақстан халқынан алғаш рет кешірім сұрағым келеді: Бораттың Қазақстанға ешқандай қатысы жоқ».



