Жезқазғанның Батыс ауданында тұрғын үйлерді табиғи газға қоса бастады. Жұмыс 10 қарашадан бері кезең-кезеңімен жүріп жатыр, алғашқы отбасылар үйде газды пайдаланып отыр. Бұл туралы Ұлытау облысының әкімдігі хабарлады.
Аудандағы негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. 960 тұрғын үйді газға қосуға арналған шығыстар дайын. Сегіз газ тарату шкафының бесеуі іске қосылды, қалған үшеуіне газ кезең-кезеңімен беріледі. Тағы 80 абонент техникалық шарттарды алып, қосылуға дайындалып жатыр.
Газ қосылған үйлердің біріне Жезқазған қаласының әкімі Мұрат Бөрібаев пен «QazaqGaz Aimaq» АҚ Қарағанды өндірістік филиалының бас инженері Дильдабек Культимиров барды. Үй иелері газшыларға алғыс айтып, газ келгелі тұрмыс жеңілдеп, үй жайлы бола түсетінін айтты. Әкім газдандыруды жүйелі түрде жалғастырып, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау керегіне назар аударды.
Батыс ауданына газ құбыры 2024 жылы-ақ тартылған. 2024 жылғы қыркүйекте жергілікті билік ауданға газды сол жылдың 1 қазанына дейін беруді жоспарлаған еді. Жезқазған ЖЭО-ның қуаты Батыс ауданын жылытуға жетпегендіктен, қыста тұрғындар үйін қатты отынмен жылытып келді, бұл қаладағы ауа сапасын нашарлатты.
Ұлытау облысын газдандыру үш кезеңмен жүргізіліп жатыр. 2024 жылы айтылған жоспар бойынша 2026 жылға қарай Жезқазғанда 5 мыңнан астам абонент газға қосылуы тиіс еді, ал 2030 жылға дейін Сәтбаев, Қаражал, Жайрем кенті мен Жаңаарқа ауданына газ жеткізілмек. Бұған дейін Жоғары аудиторлық палата газ саласынан 24,1 млрд теңгенің бұзушылығын анықтаған, ал жақында өңірде Арқалыққа апаратын тасжолдың 109 шақырымы жөндеуден кейін ашылды.



