Англия құрамасының бұрынғы шабуылшысы Гари Линекер Маурисио Почеттиноның «Манчестер Юнайтедте» ұзақ жұмыс істейтініне күмән келтірді. Ол The Rest Is Football подкасының жаңа шығарылымында аргентиналық маман бір жарым жылдан кейін де «Олд Траффордта» жүрсе, таң қалатынын айтты.
«Почеттиноның сонда барғанын көріп отырмын және олар, бәлкім, жаман бастамайды, біраз уақыт тәуір ойнайды деп ойлаймын, — деді Линекер. — Меніңше, Почеттино үшін бұл — үлкен клуб, «Манчестер Юнайтед», аты үлкен клуб. Ол сонда барады, кейін істің әрі қарай қалай өрбігеніне көңілі қалады, егер 18 айдан кейін әлі сонда жүрсе, таң қаламын».
Линекер жұмыстан босатылған Майкл Каррикті де қорғап сөйледі. «Кінәлі ретінде әрдайым бапкерлер табылады, ал жазда Каррикті тиісінше қолдамады. Қолдамады, — деді ол. — Ол өткен маусымның екінші жартысында керемет жұмыс істеді. Рас, олар еурокубоктарда ойнамады және қарсы шабуылмен ойнады, бірақ «Манчестер Юнайтедтің» жоғарыдағы адамдарына бұл тағы қанша уақыт кешіріле беретінін білмеймін. Түптеп келгенде, жанкүйерлер мұны онсыз да түсінеді деп ойлаймын».
Линекердің ойынша, клубтың басты мәселесі бапкерлерде емес. Ол Алекс Фергюсон кеткелі «Юнайтедте» 12-ге жуық бапкер ауысқанын еске салды. «Өйткені бәрі қайта-қайта қайталана береді: әрдайым бапкер құрбандыққа шалынады, мұны көріп отырсыз. Менің ойымша, нағыз мәселелер бапкерден жоғарыда», — деді ол. Клуб иелері де сынға ілікті: «Әрине, Глейзерлерге қарсы жылдар бойы шағымдар мен наразылық акциялары болды және Рэтклифф ештеңені өзгертпегені анық. Керісінше, қазір олар бұрынғыдан да нашар».
Почеттино «Юнайтедпен» екі жарым жылдық келісімшарт жасап, клуб осы аптада жұмыстан шығарған Каррикті алмастырды. Аргентиналық маман алдымен АҚШ құрамасымен соңғы ойындарын өткізеді, ал «МЮ» бас бапкері ретіндегі алғашқы кездесуін 22 қарашада «Энфилдте» «Ливерпульге» қарсы ойнайды (Астана уақытымен сағат 21:30-да). Команда қазір төмендеу аймағында тұр. Басшылықтың Каррикке қатысты шешімін Гари Невилл мен Рио Фердинанд сынаған болатын.



