S&P 500 индексі 13 қарашадағы сауда қорытындысында 0,4%-ға (30,73 тармақ) төмендеп, 7561,67 тармаққа түсті, деп хабарлайды AP. Nasdaq Composite 0,9%-ға құлдырап, 25 136,27 тармақ болды, ал Dow Jones 0,1%-ға өсіп, 52 347,55 тармаққа жетті. Нью-Йорктегі сауда Астана уақытымен 14 қарашада сағат 02:00-де жабылды.
Апта қорытындысында S&P 500 2,5%-ға, Nasdaq 2,3%-ға, Dow Jones 2,1%-ға өсті. S&P 500 үшін бұл қазан басынан бергі алғашқы өсім аптасы.
Жұма күні Дженсен Хуангқа мұрагер іздеп жатқан Nvidia төңірегіндегі белгісіздік аясында чип өндірушілердің акциялары қайта арзандады. Филадельфия биржасының жартылай өткізгіштер индексі шамамен 4%-ға, AMD акциялары 10,9%-ға, Broadcom акциялары 6,3%-ға төмендеді. Сессия соңында авиакомпаниялардың акциялары арзандады: АҚШ Федералдық авиация әкімшілігі бүкіл ел бойынша ұшуларды тоқтатты.
«Технология саласы, жасанды интеллект саласы, Nvidia құбылмалылық кезеңінен өтеді, жыл соңына дейін бұл оқиғаның қай бағытқа бұрылатыны үшін бұқалар мен аюлардың тартысын көресіз… Сенімге сызат түсті», – деді Reuters агенттігіне Ameriprise Financial компаниясының бас нарықтық стратегі Энтони Сальимбене.
Инфляция деректері болжамнан жұмсақ шықты: АҚШ-та өндірушілер бағасы қазанда бір айда 0,3%-ға өсті (күтілгені 0,4%), жылдық есепте 6,5% болды (болжам 6,6%). Соған қарамастан доллар индексі шамамен 103,4 тармаққа көтеріліп, 2025 жылғы сәуірден бергі ең жоғары деңгейге жетті. Трейдерлер ФРЖ 8–9 желтоқсандағы отырысында мөлшерлемені бірден 0,5 пайыздық тармаққа көтеру ықтималдығын 11% деп бағалайды. Екі жылдық қазынашылық облигациялардың кірістілігі соңғы екі жылдан астам уақыттағы ең күшті апталық өсімге бет алды.



