Мазмұнға өту
2026 жылғы 12 қараша, бейсенбі

Алматыда Қарасу өзенінің қараусыз жағасы абат жағалауға айналды

Жағалауға 500-ден астам ағаш пен мыңнан астам бұта отырғызылып, демалуға скейт-парк, ниндзя-парк және спорт алаңдары салынды.

Новая набережная на берегу реки Карасу в микрорайоне Кемел в Алматы
Фото: акимат Алматы

Алматыда Жетісу ауданындағы Кемел шағынауданында Қарасу өзенінің қараусыз қалған жағасы серуендеуге, спортпен шұғылдануға және отбасылық демалысқа арналған жағалауға айналды. Алматы қаласы әкімдігінің хабарлауынша, жаға бекітіліп, жаяу жүргіншілер аллеялары салынған, жолдарға тас төселген. Жағалаудың ұзындығы бір шақырымнан асады.

Жағалауға 500-ден астам ағаш, мыңнан астам бұта мен сәндік өсімдік отырғызылды. Көшеттер жақсы көктеуі үшін мұнда автоматты суару жүйесі орнатылды.

Спортпен айналысу үшін футбол және волейбол алаңдары, скейт-парк, ниндзя-парк пен воркаут аймағы, ал балаларға екі ойын кешені жасалды. Көру алаңы мен перголаларда демалуға, көбелек пен бұғы пішініндегі фотоаймақтарда суретке түсуге болады.

Әкімдік жаңа жағалаудың суреттерін өзінің Telegram-арнасында жариялады:

Жетісу ауданында биыл «Халықтық қатысу бюджеті» бағдарламасы бойынша аулалар мен бос алаңдар абаттандырылып жатыр. Мысалы, Петровский маңындағы көлемі шамамен 0,2 гектар бос алаңда футбол алаңы, бес балалар кешені, тренажерлер, воркаут аймағы және үстел теннисіне арналған үстел орнатылды. Алаң жеке үйлердің арасында орналасқан, оның жабыны резеңкеден, тастан және асфальттан жасалған. Ауданда осындай 25 жоба бар: оның 18-і аяқталды, қалған жетеуін қараша айының соңына дейін тапсыру көзделген.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз